Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен ауыр қылмыстардың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат басқасын айтпағанда Жамбыл облысындағы соңғы қайғылы оқиғаларды мысалға келтірді.
Жаңа оқу жылы басталғаннан бері Жамбыл облысында үш жасөспірім қаза тауыпты: Тараздағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушылары арасындағы төбелес, Шу ауданында қарапайым футбол ойыны кезіндегі жанжал, колледждегі студенттің өз қатарласын пышақтап өлтіруі. Барлығы – бір айдың ішінде. Бұл – үлкен мәселе, – деді депутат.
Ол сондай-ақ ресми статистикаға сүйеніп, 2024 жылы жасөспірімдер қатысқан 1 973 қылмыс, оның ішінде 130 аса ауыр қылмыс тіркелгенін айтты. Ал 2025 жылдың сегіз айында – 938 қылмыс. Қылмыстың көбеюі Алматы, Астана және Шымкент қалаларында айқын байқалады.
Бейсенбаев мектептерде тәрбие жұмыстары көбіне қағаз жүзінде екенін, оқушылар арасында жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдыларының дамымағанын, мектеп психологтарының саны мен сапасы жеткіліксіз екенін де атап өтті. Сонымен қатар ата-ананың тәрбиеге қатысуы мен смартфондардың әсерін шектеу қажеттігін ерекше айтты.
Депутат төмендегідей шараларды жүзеге асыруды ұсынды:
- Барлық мектепте антибуллинг бағдарламасын енгізу.
- Мектеп психологтарының қызметін жүйелі түрде күшейтіп, эмоцияны басқару, агрессияны алдын алу, жанжалды шешу дағдыларын оқыту.
- Спорттық және көпшілік іс-шараларды көбейтіп, командалық рух пен өзара құрметті дамыту.
- Мектептерде смартфон пайдалануды шектеу, бетпе-бет қарым-қатынасты насихаттау.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяда оқушылардың сабақ кезінде смартфон пайдалануына заңмен тыйым салынған еді.