Депутат мектептегі күзетшілер қанша жалақы алатынын айтты

1 Қыркүйек 2021, 18:19
12838
Бөлісу:
Депутат мектептегі күзетшілер қанша жалақы алатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наталья Дементьева мектептердегі оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Еліміздің білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігі мәселесін Парламент депутаттары бірнеше рет көтергенін айтты.

Өңірлерлерде, шалғай аудандарда депутаттар жұртшылықпен кездесуі кезінде балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру, әсіресе, мектептердің күзетпен қамтамасыз ету бөлігінде кемшіліктерді анықтады. Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы 2021 жылғы 6 мамырдағы қаулыға сәйкес, барлық объект телекүзет және хабардар ету жүйелерімен жабдықталады, - деді ол.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша елдегі 7 228 мектептің 6 152-сінде дабыл түймелері жоқ. Яғни мектептердің тек 15%-ы дабыл жүйелерімен жабдықталған.

Мектептерді ескі әдіспен күзетшілер мен вахтерлер күзетеді. Елдің 466 мектебі ғана (6,4%) мамандандырылған күзетке ие. Алайда осы күзет фирмалары тарапынан көрсетілетін қызмет сапасы мемлекеттік сатып алуды қаржыландыруға және рәсімдеуге байланысты көптеген мәселені тудырады. Мысалы, Көкшетау қаласында білім беру ұйымдарын жеке күзет қызметкерлері күзетеді. Қауіпсіздің фирмасын таңдауға арналған конкурстық рәсімдер мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Мұнда жеңімпазды анықтаудың негізгі көрсеткіші компания ұсынған сағаттық төлемнің ең аз мөлшері болады, - деп атап өтті Наталья Дементьева.

Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасы әлі де жақсартуды талап ететінін айтты.

Оның айтуынша, Көкшетаудағы мектепте күзетшілердің жалақысы небәрі 50 мың теңгені құрайды. Мұндай жалақы алатын қызметкерлер бір орында тұрақты жұмыс істемейді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті құрылымдарға, біріншіден, жергілікті атқарушы органдары оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етіп, объектілерді терроризмге қарсы қорғауға сәйкес келтірсін. Сонымен қатар күзет қызметі үшін лицензиясы болуын ғана емес, біліктілік іріктеуінен өткендігін де назарға алу керек, - дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы