Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «МАЭК» ЖШС-нің ұжымымен кездесіп, кәсіпорынды жаңғырту барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«МАЭК» ЖШС – Маңғыстау облысының бас энергетикалық кәсіпорны. Аймақ тұрғындарының электрмен, ауыз су және жылумен қамтамасыз етілуі оның тұрақты жұмыс жасауына тікелей байланысты. Сондықтан жабдықтарды жөндеу, жаңғырту және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері Мәжіліс депутаттарының ерекше бақылауында.
Былтыр қазандық агрегаттары, резервтік қорғаныс және автоматика жүйелерін, сондай-ақ электр энергиясын басқару және есепке алу, автоматтандырылған жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталған.
Қазіргі уақытта ЖЭО-1-дегі №4 турбина мен №4 қазандығына және ЖЭО-2-дегі №11 қазандығына күрделі жөндеу жүргізіліп, бойлер қондырғыларын жөндеу және басқа да жұмыстар жалғасып жатыр. Ал өңірдегі су тапшылығын азайту үшін МАЭК аумағында тәулігіне 24 мың текше метр су өндіретін тұщыландыру қондырғыларын салу жоспарланып отыр.
Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының аймақ үшін тұрақты жұмысының маңыздылығына тоқталып, кәсіпорынды одан әрі дамыту мен жаңғырту қажеттігін атап өтті.
Елімізде энергостанса жабдықтарының, инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының тозуы ондаған жылдар бойы жинақталған мәселе және шұғыл шешуді талап етеді. Тұрғындар үшін жарық, су, жылу тұрақты және сенімді түрде берілуі тиіс. Бұл мәселелерді жүйелі шешуді AMANAT партиясы сайлауалды бағдарламасына енгізген болатын және оның жүзеге асуын депутаттар қатаң бақылауға алып жатырмыз. Биыл жазда Ақтау тұрғындары бірнеше күн сусыз қалды, тіпті шағын аудандарда бір апта, ал жекелеген үйлерде бір айға жуық су болмады. Мұндай жағдайларды болдырмауымыз қажет. Ол үшін алдағы уақытта МАЭК-тің жабдықтарын ағымдағы және күрделі жөндеулермен бірге, электр, су және жылу қуаттарын арттыратын жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл үлкен қаражатты талап етеді, мысалы №3 ЖЭС-ның әр блогына шамамен кемінде 15 миллиард теңге қажет, – деді депутат.
Өз кезегінде «МАЭК» ЖШС-нің бас директоры Кинис Ураков бюджет қаражатын игеру мерзімдерін заңнамалық деңгейде қайта қарау қажеттігін айтты.
Турбина, қазандық, генераторлар сияқты жабдықтардың көпшілігі шетелде шығарылады. Логистиканы айтпағанда, олардың өндіріс мерзімі 8 айға дейін созылады. Сол себепті бізге 3,6 млрд теңгені мемлекетке қайтаруға тура келді. Сондай-ақ мердігерлерді әкімдік тендері арқылы емес, тікелей өзіміз жалдай алатындай тендерлерді өткізу туралы норманы қайта қарауды ұсынамыз, - деді ол.
Еділ Жаңбыршин бұл ұсыныстар Мәжілістің тиісті комитетінде Үкіметпен бірлесе отырып жан-жақты зерделенетінін атап өтті.
Біз кәсіпорынның жұмысын тексеріп, қандай көмек көрсетуге болатынын, заңдарға қандай өзгерістер енгізу керектігін және қаншалықты қаржыландыруды қажет ететінін анықтаймыз. Мәселен, Үкіметтен бөлінетін қаржы тек бір жылға бөлінеді, оны игеріп үлгермейді және қалдық қаражат қайтадан бюджетке қайтарылады. Былтыр қаражаттың едәуір бөлігі қайтарылды. Сондықтан қаржыны игеру мерзімін ұзарту қажет, – деді мәжілісмен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы саладағы «көлеңкелі» схемаларды ретке келтіруге және жоюға бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» заңға қол қойған болатын.
Бұл тариф белгілеу қағидаттарын айқындау, елді мекендерді жылумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру схемаларын енгізу, нысандарды жылыту маусымына тиісті дайындық жасамағаны үшін айыппұл салу, мемлекеттік бақылау функцияларын күшейту және тағы да басқа көптеген шараларды қамтиды.