Депутат: Көші-қонға қатысты жаңа Заң – заман талабы

17 Мамыр 2024, 23:14
393
Бөлісу:
Депутат: Көші-қонға қатысты жаңа Заң – заман талабы
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметі/Ж.Жұмабеков

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы орайда Заңға қатысты өз пікірін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы білдірді. 

Бұл Заң қазіргі заман талабы. Атап айтсақ, қазір елімізге экстремизм, терроризм және кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған азаматтарға кіруге тыйым салынды. Қазіргі әлемде болып жатқан жағдайды ескерсек, бұл өте уақытылы қолға алынған дүние. Осының бәрін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қадағалайтын болады, - дейді ол. 

Депутаттың айтуынша, қандастардың бірқатар мәселесі шешілетін болады. 

Мәселен қандастар мен халық тығыз қоныстанған аймақтардан Үкімет белігілен еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныстанушыларға қолдау арта түсті. Себебі оларға жер телімдері енді байқаусыз беріледі. Яғни жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатында жалдап алу құқығымен, келесі біреуге берусіз беріледі. Осылайша адамдар ол жерге 5 жыл бойы иелік етіп, кейін тағы созыдара алады, - деп түсіндірді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, осы Заңның аясында қылмыстық-атқару жүйесінде де өзгерістер бар.

Жазасын өтеушілер отыратын орындардағы бейнебақылау камераларын сындыру, қасақана залал келтіру мәселесінде заң талабы күшейді. Өйткені кейінгі уақытта сол камераларды жазасын өтеушілер ғана емес, ішіндегі құқық қорғау қызметкерлерінің тарапынан да істен шығару, яғни бюджет қаржысына алынған дүниені қасақана бүлдіру жиілеп кетті. Бұл жерде мәселе тек камераны сындырып, шығын әкелуде емес. Мұндай іс-әрекет өзге құқық бұзушылық жасауға жол ашады. Осы мақсат та заң талабы күшейе түсті, - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, біз бұған дейін осы Заң аясында қандастарға қатысты көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеу қалай жүзеге асатыны туралы жазған едік.  

Өзгелердің жаңалығы