Депутат көпбалалы отбасыларға берілетін көмекті ұлғайтуды ұсынды

13 Ақпан 2019, 17:55
3891
Бөлісу:
Депутат көпбалалы отбасыларға берілетін көмекті ұлғайтуды ұсынды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Зәуреш Аманжолова көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін көмекті ұлғайтуды ұсынды.

Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдады.

«Сауалымызды жолдауға 4 ақпан күні бес баланың өмірін жалмаған оқиға себеп болды. Барлық Мәжіліс депутаттары, фракция, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттарының тобы атынан Астанадағы өрт салдарынан көз жұмған балалардың ата-анасына көңіл айтамыз. Қайғылы оқиғаға халық назарын аударды. Өкінішке орай, мұндай жайт алғаш рет болып тұрған жоқ», - деді «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.

Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар комитетінің дерегіне сәйкес, 2018 жылы республика бойынша 9 595 өрт дерегі тіркелген, 322 азамат қаза тапқан. Оның 34-і бала екен.

«Бұл жергілікті атқарушы билікке пәтерлерде, тұрғын үйлерде, мекемелерде, ұйымдарда өртке қарсы қауіпсіздікті күшейту шарасын жүргізуді талап етеді», - деді депутат.

Осы орайда Зәуреш Аманжолова Елбасының әлеуметтік саясатының басты бағыты халықтың әл-ауқатын көтеру екенін атап өтті.

«Аз қамтылған азаматтарды қолдау үшін оларға жыл сайын мемлекеттен 365 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың өмір сүру сапасы мен табысын көбейту бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мәселесі де бар», - деді ол.

Сонымен қатар, депутат елімізде көпбалалы 270 мың отбасы бар екенін, олардың мемлекеттен арнайы жәрдемақы алатынын жеткізді.

«Алайда жергілікті атқарушы билік органдарында тұрғындардың кейбір категориясына қатысты табыс көлемі туралы нақты мәлімет пен әрбір өңірдің әлеуметтік портреті, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік паспорты жоқ. Мұны біз өңірлерге барғанда білдік», - деді Зәуреш Аманжолова.

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі аталған мәселені шешу үшін 2018 жылы жергілікті атқарушы органдарға 2 млрд теңге бөлінгенін айтты.

«Нәтижесінде әлеуметтік жұмыс бойынша 1374 консультант пен ассистент жұмыс істеді. Олардың міндеттеріне үйлерді аралап, табысы төмен отбасыларды анықтау және оларға түрлі деңгейдегі көмек көрсету кірді», - деді депутат.

Осы орайда ол әрбір өңірдің әлеуметтік картасын жасауды ұсынды.

«Жұмыс тобы әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып, арнайы әлеуметтік карта құруы қажет. Мұнда әрбір ауылдағы, аудандағы, облыстағы азаматтың қандай санатқа жататыны туралы нақты көрсетілуі шарт. Мемлекеттің қолдауына мұқтаж көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар аз қамтылған отбасылар, қиын жағдайға тап болғандар кіруі қажет», - деді Зәуреш Аманжолова.

Оның пікірінше, әлеуметтік картаның негізінде көпбалалы отбасылар мен өзге санатқа жататын азаматтарға көрсетілетін көмектің параметрін қайта қарау қажет.

«Оның ішіне тұрғын үй, жұмыспен қамтамасыз ету және басқа әлемеуметтік көмектер кіреді. Нәтижесінде кімге қандай көмек керектігі белгілі болады. Сауалға заңмен белгіленген уақытта жауап беруіңізді сұраймыз», - деп түйіндеді сөзін Зәуреш Аманжолова.

Айта кетейік, осыған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрінің сөзден жаңылғанын, кеңес кезеңінен қалған ескерткіштердің елімізде қалай сақталып жатқанын, еліміздегі құнды жәдігерлердің жоғалып жатқанын, бұрынғы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың депутат атанғанын жазғанбыз.

Дәурен ЕРБОЛАТ

Фото: parlam.kz

Өзгелердің жаңалығы