Депутат интернет жылдамдығының ең төменгі шегін арттыруды ұсынды

17 Қараша 2021, 17:29
1021
Бөлісу:
Депутат интернет жылдамдығының ең төменгі шегін арттыруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаттары Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге интернет пен байланыс сапасына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Ғани Хамзиннің айтуынша, жаңа реттеуші саясат туралы заң жобасын талқылау барысында экономика министрлігі бизнестің электрондық есептілігіне толығымен көшуді ұсынған болатын. Алайда 1178 ауылдың интернетке қол жетімділігі жоқ екені белгілі болды. Сонымен қатар ауылдарда ғана емес, қалаларда да сигнал өте әлсіз жерлер бар. Адамдар көп жиналатын жерлерде жүктеменің жоғарылауына орай да байланыс тұрақсыз болып отыр.

Егер міндетті электрондық есептілік туралы норма іске асырылған болса, бүкіл ел бойынша мыңдаған кәсіпкерлер сыртқы фактордың кесірінен қысымның астында қалар еді. Бұл мәселе интернеттің қол жетімділігіне ғана қатысты емес, ол жалпы ұялы байланыстың сапасы туралы мәселені ушықтырды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің шамамен 90%-ы автоматтандырылды, цифрландыру бизнес-процестерге де белсенді енгізіліп жатыр, - дейді ол.

Депутат атап өткендей, қазіргі заман талабы халықтан, әсіресе кәсіпкерлерден үнемі байланыста болып, ағымдағы мәселелерді шешуді талап етеді. Мұның бәрі қолжетімді ұялы байланыстың өмір сапасының басты критерийлері мен стандарттарының ажырамас бөлігіне айналуына әкеледі.

Аумақтарды жабу және байланыстың тұрақтылығы проблемалары «сандық теңсіздік» проблемасын тудырады. Сенімді мобильді интернеті бар кәсіпкерлер мен азаматтар басқалардан сөзсіз артықшылыққа ие болады. Кейде бұл артықшылықты ақшамен емес, адамдардың тағдырымен өлшеуге болады. Осылайша, пандемия басталысымен сот отырыстары да онлайн форматқа көшті. Процеске қатысушының позициясы автоматты түрде сигналдың тұрақтылығына тәуелді болады, - деп түсіндірді депутат Хамзин.

Ол Мусинге биыл министрлік байланыс сапасының төмендігі үшін операторларға 100 млн теңгеге айыппұл салғаны туралы айтты. Сөзінше, былтыр олардың жалпы табысы 884 млрд теңгені құраған, яғни айыппұл тек нөл бүтін жүзден бір пайызды құрады.

Бұл ресми орташа жалақысы 250 мың теңге болған жағдайда, автоәуесқойлардың барлық айыппұлы бір жыл ішінде 300 теңгені құрайтынымен тең. Сонымен қатар автокөлік жүргізушісі жылдамдықты арттырғанның өзінде айыппұл 14 585 теңгені құрайды, яғни орташа жылдық жалақының жарты пайызы (0,5%) немесе байланыс монополистеріне жыл бойына айыппұл салғаннан 50 есе көп. Бірақ олардың бұзылуы мыңдаған азаматтар мен кәсіпкерлерге зиян тигізеді, - дейді Мәжіліс депутаты өз сауалында.

Оның сөзінше, бұл тек айыппұлдарға ғана қатысты емес. Егер қазіргі операторлар қалыпты байланысты қамтамасыз ете алмайтын болса, атап айтқанда, базалық станцияларда үнемдесе, онда нарықта бәсекелестікті ынталандыру уақыты келді.

Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы мынадай ұсыныстар жолдады:

1. Бүкіл ел аумағында ұялы байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз ету, цифрлық теңсіздік проблемасын жою;

2. Интернет жылдамдығының ең төменгі шегін арттыру;

3. Байланыс операторларының айыппұл мөлшерін мүмкіндігінше арттыру (қарапайым азаматтардың айыппұлдары мен кірістерінің пропорцияларына мөлшерлес);

4. Базалық станциялардың қажетті тығыздығын қамтамасыз ету және олардың «қосалқы» операторлармен артық жүктелуіне жол бермеу;

5. Илон Маск жақында жариялаған Starlink жүйесін қоса алғанда, қазіргі ойыншылармен үлестес емес жаңа байланыс операторларының Қазақстан нарығына кіруімен мәселенің шешімін табуды жеделдету. Сапа мен қол жетімділіктің ең жақсы құралы - әрқашан адал бәсекелестік.

Өзгелердің жаңалығы