Депутат футбол жайлы:  Жаңа Қазақстанда талантты сырттан емес, іштен іздеу керек

15 Маусым 2022, 15:57
1645
Бөлісу:
Депутат футбол жайлы:  Жаңа Қазақстанда талантты сырттан емес, іштен іздеу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты. 

Футбол – бүгінде тек жай ойын емес. Ол – алып индустрия, миллиондарды біріктірген идея, идеология. Оны ауылдағы баладан қаладағы қартқа дейін тамашалайды, сүйсінеді. УЕФА Ұлттар лигасы турнирінің ойындарында бірнеше маңызды жеңіске жеткен командамыз жанкүйерлерімізге, барша қазақстандықтарға үлкен қуаныш, жеңіс сыйлады. Бұрындары мұндай сәттерді сирек көрген жанкүйерлер футболшыларды бүгінде жан-жақты қолдап жатыр, - деді ол. 

Депутат атағандай, бұл жеңістердің легі Қазақстанда намысшыл спортшылардың бар екенін айқын көрсетті.

 Еуропалық ірі спорт додасында хас шеберлермен иық тіресіп ойнай білген футболшылар халықтың жеңіске деген сенімін күшейтті. Мықты қарсыласты жеңу керек деген мақсат түгілі, сенімі болмаған ұлттық құрама қайта жаңғырды, жаңаша түледі. Кеше ғана көк туға оранған стадиондағы 30 мың жанкүйер мен теледидарға телмірген 19 миллион жанашырдың көңіл-күйін сезіне беріңіз. Қарсыластың қақпасында тулап жатқан допты, стадиондағы шулап жатқан жұртты көргенде Қазақ елінің қандай аламанда болмасын жеңіс дәстүрі бар ел екені расталды, - деді ол. 

Депутат атағандай, оған себеп, ұлттық құрамадағы футболшылардың 100 пайызы отандық футбол мектептерінің шәкірті. 

Яғни, легионерсіз ұзақ та болса жүйелі жұмыстың арқасында тұрақты жеңістерге жетуге болады. Мұны – Қазақстанның жаңа құрама командасы дәлелдеді. Отандық спортты, тек өз еліміздің тума таланттары көгертетініне көз жеткіздік. Осы орайда, бүкіл елді алаңдатып келген қазақтың жігіттері жаһан біріншілігінде қашан доп тебеді? Қазақтың көк туы футбол бәсекелерінде қашан жоғары көтеріледі? деген аксиомаға айналған сұрақтарға сенімді жауап қайтардық. Жаңа Қазақстанда талантты сырттан емес, іштен іздейтін кез келді, - деді Бисембаев. 

Оның айтуынша, еліміздің Премьер лигасында ойын көрсететіндердің 50 пайыздан астамы легионерлер болғандықтан, қазақстандық жас ойыншылары алаңға 5 минутқа да шыға алмайтын кездері жетерлік. 

Еліміздің футбол клубтары отаншыл болудан гөрі, қысқа мерзімді нәтижеге, келешегі жоқ жеңіске екпін қоятыны қынжылтады. Сірә, бұл ұстанымдары әлем деңгейіндегі клубтық ойындарда нәтиже көрсетсе ғой шіркін, көбінде халықаралық аренада ала допты өз қақпаларына домалатудан ары аспайды. Тәжірибемен алмасуда қажет шығар, бірақ өз баламыздың сағын майыстырып, бәйгеге қоспаудың залалы терең болатыны сөзсіз.Айтар ұсынысымыз Ұлттық құраманың жасағанынан футбол клубтары сабақ алсын. Өйткені, бұл жеңістің артында намыс, отаншылдықтың тұрғаны хақ. Қазақстан өзінің жаңа даму кезеңінде тұрғанда, футболшылардың мұндай ірі жеңістерге жетуі – елдің көңілін серпілтті, рухты оятты. Үлкен іске ортақтасу мәдениетін қалыптастырды. Қазақстанның өз ойыншылары талай легионерді қапыда қалдырмақ.Ендеше бұл ұстаным біз құрып жатқан жаңа қоғамның да негізіне айналуы шарт. Ұлттық жеңіс барлығына ортақ. Бұл принципті футболдың шын жанкүйерлері жақсы біледі, - деді ол. 

Айта кетейік, 13 маусымда футболдан Ұлттар лигасының Қазақстан мен Словакия арасындағы матч өтті. Қазақстан құрамасы Словакияны 2:1 есебімен жеңген болатын.

Өзгелердің жаңалығы