Депутат: Екі жылдан кейін балаларымызды емдейтін ешкім болмайды

2 Қараша 2021, 11:18
1280
Бөлісу:
Депутат: Екі жылдан кейін балаларымызды емдейтін ешкім болмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері медицина мамандарын даярлауға арналған гранттар мен білім беру бағдарламаларының санын арттыру, ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруды талқылады.

Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 4 тармағын орындады. Егде адамдардың ауруларын емдеуге маманданған медицина мамандарын даярлаудың 3 білім беру бағдарламасы әзірленіп, медицина қызметкерлерін, оның ішінде арнаулы салаға маманданған кадрларды даярлауға 4685 грант бөлінді.

Салалық ведомствоның берген ақпаратына сәйкес, 3 зертхана жоғары технологиялық жабдық алған, ал аудандық ауруханалар мен перзентханалар қажетті жабдықпен 76,8%-ға қамтамасыз етілген.

Биыл 1000 дана босандыру жабдығы, 75 рентген аппараты және 16 компьютерлік томограф сатып алынды. Сонымен қатар, арнаулы салаға бейінделген мамандарды даярлауға гранттар бөлу кезінде өңірлердің өтінімдеріне сүйенетінімізді атап өткім келеді. Мысалы, педиатрия бойынша резидентурада оқуға 111 өтініш түсті, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Осы орайда Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Лариса Павловец арнауы салаға бейінделген медициналық мамандарға деген облыстардағы сұраныстың аздығына қатысты өз алаңдаушылығын білдірді.

Педиатрлар іс жүзінде жоқтың қасы, енді екі жыл ішінде балаларымызды емдейтін ешкім болмайды. Осы 111 адамның барлығы өз мамандығы бойынша жұмыс істейтініне кім кепілдік бере алады? Жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау басқармалары гранттарға өтінімдер беру кезінде барынша мұқият болуы керек деп ойлаймын, - деді Лариса Павловец.

Отырыс барысында партиялықтар темекі өнімдерін жарнамалауға және орналастыруға тыйым салу мәселесін де көтерді. Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Махамбет Мыңбаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы норма барын және сатушылар сатып алушыға тауарды еркін таңдауды қамтамасыз етуі тиіс екенін, тауарды орналастыру реті – бұл сатушының міндеті және ол жарнама болып табылмайтынын алға тартты.

Кеңес төрағасының орынбасары Жәмила Садықова онымен түбегейлі келіспеді. Ол 2006 жылы Қазақстан ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын ратификациялағанын еске салды. Оған сәйкес тауарды орналастыру реті жарнама болып табылады.
Осы тұста Жәмила Садықова бизнес субъектілеріне темекі өнімдерін сатудың жаңа ережелерін сақтау туралы түсіндірме хат жібермеген Сауда министрлігінің жұмысын да сынға алды. Оның айтуынша, бұл тапсырманы Премьер-министрдің бірінші орынбасары 6 тамызда берген. Осыған байланысты вице-премьердің атына тиісті шағым жолданады.

Жиын қорытындысы бойынша кеңес Ұлттық экономика министрлігі мен Сауда министрлігіне пәрменді түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ал Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық техникамен жабдықтау деңгейі төмен аудандардағы ахуалды түзету жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы