- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Депутат бюджет қаржысының тиімділігіне қатысты ұсыныс айтты
Депутат бюджет қаржысының тиімділігіне қатысты ұсыныс айтты
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
14 Қазан 2026, 13:06
2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 30 трлн теңгеден астам шығыс қарастырылған. Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров осындай қомақты қаражаттың басты нәтижесі халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістерден көрінуі керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат ең алдымен сапалы білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инфрақұрылымның жақсаруына назар аударды.
Бүгін біз шығыны 30 трлн теңгеден асатын бюджетті қарап отырмыз. Алайда осындай қомақты қаржының артында ең басты мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек. Қарапайым Қазақстан азаматының өмірінде не өзгереді? Сапалы білім мен медициналық қызмет қолжетімді бола ма? Жаңа жұмыс орындары ашыла ма? Инфрақұрылым жақсара ма? – деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның айтуынша, бюджет жобасында әлеуметтік салаға 10,5 трлн теңге, ал өңірлерді дамытуға 7,5 трлн теңге қарастырылған.
Депутат Үкіметтің бюджет тапшылығын қысқартуға бағытталған ұстанымын қолдайтынын атап өтті. Алайда ендігі міндет бюджет шығыстарын жай ғана ұлғайту емес, олардың халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға нақты әсерін қамтамасыз ету екенін айтты.
Үш ауысымды мектептер мәселесі қашан шешіледі?
Айдарбек Қожаназаров білім беру саласындағы жағдайға да тоқталды.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда мыңнан астам мектеп салынған. Соның нәтижесінде оқушы орындарының тапшылығы 1 млн-нан 245 мыңға дейін қысқарған.
Сонымен бірге елде әлі де 48 үш ауысымды мектеп бар. Олардың жартысынан астамы Алматы облысында орналасқан.
Депутат Үкіметке апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толық шешудің нақты мерзімін белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ 2027 жылы құрылысы аяқталған нысандарды қаржыландыруға басымдық беру қажеттігін айтты.
Әр мектептің пайдалануға берілетін нақты мерзімі, жауапты орындаушысы және күтілетін нәтижесі болуы тиіс. Мұндай тәсілді бүкіл әлеуметтік инфрақұрылымға енгізу қажет, – деді ол.
Жылу желілерінің тозуы: нәтиже қалай өлшенеді?
Депутат коммуналдық шаруашылық мәселесін де көтерді. Оның мәліметінше, Қазақстандағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі шамамен 50%.
Оларды жаңғыртуға қомақты қаржы бөлініп жатқанын атап өткен депутат бұл жұмыстың тиімділігін халыққа түсінікті көрсеткіштермен бағалауды ұсынды.
Атап айтқанда, апаттар саны қаншалықты азайғаны, қанша үй тұрақты жылумен қамтылғаны және жылу шығынының қаншалықты қысқарғаны ескерілуі тиіс.
Азаматтар бюджет инвестицияларының нәтижесін өз үйлерінде, қалалары мен ауылдарында көруі керек, – деді Айдарбек Қожаназаров.
Депутат отандық өндіріс пен жұмыс орындарын дамыту мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, 1 тамыздағы жағдай бойынша «Бәйтерек» холдингіне бюджеттік капиталдандыру аясында аударылған шамамен 250 млрд теңге әлі жобаларды қаржыландыруға бағытталмаған.
Бұл ретте кәсіпкерлер қолжетімді несие алудың қиындығын айтып жүргенін жеткізді.
Мемлекетте бизнесті дамытуға арналған қаражат бар. Кәсіпкерлерге қаржы қажет. Бірақ осы екеуінің арасында әлі де кедергілер сақталуда, – деді депутат.
Осыған байланысты ол даму институттарына жаңа қаражатты бұрын бөлінген қаржы нақты жобаларға бағытталған сайын ғана беруді ұсынды.
Сонымен қатар уақытша пайдаланылмай жатқан қаражаттың бір бөлігін бизнес несиелеріне кепілдік беруге бағыттауды ұсынды. Бұл банктерге тәуекелдің бір бөлігін мемлекетпен бөлісе отырып, кәсіпкерлерді белсендірек қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық өнім үлесін 1%-ға арттыру 327 млрд теңге әкелуі мүмкін
Айдарбек Қожаназаров отандық өндірісті қолдаудың тағы бір жолы ретінде мемлекеттік және ірі компаниялардың сатып алуларында қазақстандық өнімдерге басымдық беруді ұсынды.
Оның мәліметінше, өткен жылы мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және басқа да ірі тапсырыс берушілер 32,7 трлн теңгеге тауарлар мен қызметтер сатып алған.
Ал осы сатып алулардағы Қазақстанда жасалған құнның үлесі шамамен 53% болған.
Депутаттың есебінше, бұл көрсеткішті небәрі 1 пайыздық тармаққа арттырудың өзі, сатып алулардың жалпы көлемі өзгермеген жағдайда, Қазақстанда жасалатын қосымша құнды 327 млрд теңгеге жеткізуі мүмкін.
Бұл отандық зауыттар мен кәсіпорындарға қосымша тапсырыс беріп, өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сондықтан депутат қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасауды кеңейтуді және кәсіпорындарға осы келісімшарттар негізінде банктен қаржы алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді ұсынды.
Бюджет қаржысының тиімділігі қалай бақыланады?
Құрылтай депутаты бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты мәселені де көтерді.
Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне сәйкес, кейбір мемлекеттік тапсырмалар бойынша жұмыстың 97%-ға дейінгі бөлігін негізгі орындаушы емес, басқа мердігерлер атқарған.
Егер жұмыстың барлығына жуығын басқа компаниялар атқарса, мемлекет қосымша делдалға не үшін қаржы төлеуі керек? – деді ол.
Депутат жеке бизнес орындай алатын жұмыстарда ашық әрі бәсекелі сатып алу рәсімдерін кеңінен қолдануды ұсынды.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, бюджет инвестициялары жаңа мектептерге, сенімді инфрақұрылымға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға, жаңа жұмыс орындарына және тұрақты салық түсімдеріне айналуы керек.
Соңында Respublica партиясының фракциясы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қолдайтынын мәлімдеді.
Ең оқылған:
- Қазығұртта қарт әйелдің шатырынан 5 млн теңгеден астам ақша табылды
- Қазақстанда жалақы қашан өседі? – Министр жауабын айтты
- Бішкекте Қазақстан банктерінің Kaspi аккаунттарын сату схемасы анықталды: 13 адам ұсталды
- 2027 жылдан бастап кейбір отбасыға жерлеу жәрдемақысы берілмейді
- Трамп: Путин мен Зеленский Украинадағы соғысты тоқтату үшін кездесуі керек