Мәжіліс депутаты қомақты көлемде сыйақы жазып алған басшыларға қатысты шара қолдану керегін айтып, Үкімет басшысы мен Бас Прокурорға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етуде деуге болады. «Самрұқ-Қазынаның» еншілес «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан екі есе көп бонус алған, - деді ол.
Сөзінше, кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған.
Өз кезегінде, «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының еншілес кәсіпорны саналатын «КАЗ КЛОУД» компаниясының да басшылығына жомарттығында шек жоқ. Біріншіден, тең құрылтайшы болып табылатын «Қазақтелеком» өзінің үлесін, жеке серіктестікке беріп жіберген. «Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?» - деген сұрақтар туындайды. Екіншіден, осы «КАЗ КЛОУД» команиясының менеджменті, компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, сыйақы ретінде бір жылда 336 млн теңге алған, - деп айтты Ерлан Сайыров.
Депутаттың дерегінше, «Қазақтелеком» басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді.
Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері, еншілес кәсіпорындары өздерінің басшыларына бонус, сыйақы жазып алуға ғана қызмет ете ме?» - деген заңды сұрақ туады, - дейді депутат Сайыров.
Депутат мынадай ұсыныстар айтты:
- «Самрұқ-Қазынаның» өз менеджментіне «асыра сілтеп» премия жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату;
- «Самрұқ-Қазынада» құжынаған еншілес кәсіпорындардың қажеттігін анықтау;
- «Самрұқ-Қазынаның» қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер жасау қажет.