Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин комитет отырысында North Caspian Operating Company (Қашаған жобасы) компаниясының әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына қатысты сын айтты. Оның сөзінше, миллиардтаған қаржы абаттандыруға емес, өңірлердегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, компания Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы әлеуметтік жобаларға қаржы бөліп отырғанымен, Маңғыстаудағы екі ірі жоба да абаттандыру жұмыстарына бағытталған.
Оның сөзінше, бұл жобалардың бірі – теңіз жағалауын абаттандыру, ал екіншісі – елді мекен аумағын абаттандыру.
Бізде абаттандырудан басқа әлеуметтік мәселе жоқ па? Балабақша қайда? Мектеп қайда? Аурухана қайда? Мәдени нысандар қайда? Спорт нысандары қайда? – деді Еділ Жаңбыршин.
Депутат миллиардтаған қаржыны абаттандыруға жұмсау өңірлердегі ең өзекті мәселелерді шешпейтінін атап өтті.
Ол мұндай бастамаларды жергілікті әкімдіктер ұсынуы мүмкін екенін айтқанымен, компанияның өзінде де нақты әлеуметтік басымдықтар болуы керектігін жеткізді.
Абаттандыруды ең соңына қою керек. Бізге ең алдымен білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларын көтеру қажет, – деді депутат.
Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, әлеуметтік инвестициялар ең алдымен балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет нысандары, спорт инфрақұрылымы сияқты бағыттарға жұмсалуы тиіс.
Сондай-ақ ол бұл мәселені Конституцияда бекітілген азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, білім мен ғылымды дамыту қағидаттарымен байланыстырды.
Депутат қазіргі таңда Мемлекет басшысы да білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, бизнес тарапынан бөлінетін әлеуметтік инвестициялар да осы басымдықтарға сай болуы керектігін айтты.
Еске салсақ, Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Мәжілістегі тақырыптық отырыста мұнай-газ саласында жергілікті қамту үлесі 65%-ға жеткенін мәлімдеді.