Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат баспана мәселесін жедел шешу үшін екі ұсыныс жасады

Бөлісу:
 Ұлттық статистика бюросы
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында қордаланған бірқатар проблеманы көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, баспанамен қамту – әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың және халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі.

Мәжіліс депутаттарының Жамбыл облысын аралау барысында тұрғындар тұрғын үйге қатысты бірқатар түйткілді мәселені көтерді, – деді Мұқаш Ескендіров.

Коммуналдық тұрғын үй: кезек көп, пәтер аз

Депутаттың мәліметінше, Жамбыл облысында коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 57 434 азамат тіркелген. 2025 жылы әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы тұрғын үй сатып алу үшін республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлініп, 1 425 пәтер алынған.

Алайда, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты бұл пәтерлерді мұқтаж азаматтарға дер кезінде үлестіруде қиындықтар туындап отыр.

Бұрын жергілікті атқарушы органдар атқарған функциялар «Тұрғын үй құрылысы жинақ» банкіне беріліп, азаматтарды тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қою электрондық база арқылы автоматты түрде жүргізіле бастады.

Осыған байланысты келісу өтініштеріне уақытылы жауап берілмеуі және азаматтардың деректерінің жаңартылмауы салдарынан баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары созылып кеткен. Қазіргі таңда кезекте тұрған 57 434 азаматтың тек 10%-ының деректері ғана жаңартылған, - дейді Ескендіров.

Депутат бұл жағдайды түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігімен және азаматтардың электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану барысында қиындыққа тап болуымен байланыстырады.

Осыған орай Мұқаш Ескендіров Банкке заңнамадағы өзгерістерді алдын ала түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, азаматтардың деректерін жедел түрде жаңартуды ұсынды.

Ипотекалық тұрғын үйлердің сатылуы тежеліп отыр

Депутаттық сауалда жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйлерді сату мәселесі де көтерілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына сәйкес, ипотекалық тұрғын үйлердің кемінде 70%-ы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ал қалған 10%-ы басқа кезекте тұрған азаматтарға ұсынылуы тиіс.

Алайда депутаттың айтуынша, бұл талап пәтерлердің уақытылы сатылуына кедергі келтіріп отыр.

Мысалы, 2025 жылы Тараз қаласында сатылымға шығарылған 706 пәтердің тек 588-і ғана азаматтардың төлем қабілетінің расталмауына байланысты берілген. Ал 2026 жылы Тараз қаласында 1 278 пәтерден тұратын 29 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, сатылымға шығарылмақ.

Егер заңнамаға сәйкес бұл пәтерлердің 70 пайызы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылса, өткен жылғы жағдайдың қайта қайталану қаупі бар, – деді депутат.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған 31 055 азамат немесе 54% әлеуметтік осал топқа жатады.

Депутаттың пікірінше, осал топтағы азаматтардың төлем қабілетінің төмендігі пәтерлердің уақытында сатылмауына және жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыздарын өтеуіне кері әсер етуі мүмкін.

Депутат қандай ұсыныс айтты?

Осыған байланысты Мұқаш Ескендіров Үкіметке:

  • әлеуметтік осал топтарға сатылатын пәтерлердің үлесін 70%-дан 50%-ға дейін төмендетуді
  • ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру шарттарын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Өзгелердің жаңалығы