Депутат балалар жануар болуға әуестеніп кеткенін айтып, дабыл қақты

6 Қараша 2024, 15:21
780
Бөлісу:
Депутат балалар жануар болуға әуестеніп кеткенін айтып, дабыл қақты
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Премьер-министрге жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Квадроберлер дегеніміз кім? Қарапайым тілде айтсам, олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды. Бұл еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер. Олар тек сыртқы кейіп өзгертіп қана қоймай, иттерге тән әркеттер жасап адамдарға шабуылдау яғни, тырнау, тістеу фактілері де кездескен. Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Әлеуметтік желідерде де квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастырып жатыр, - деп депутат дабыл қақты.

Мұқаев бұған балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсері тигізіп, шектен шығып бара жатқанын айтты.

Ал батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылып жатыр. Ең қорқыныштысы балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Біз бұл мәселеленің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айрылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процессі алға шықты, - дейді мәжілісмен.

Мұқаев бүгінде Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, Өзбекстанда ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынғанын атап өтті.

Мұндай әлеуметтік трендтер жылдам етек алуына байланысты, шұғыл әрекеттерді талап етеді. Балаларымыздың болашағы мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы керек. Біздің елде де құзырды органдар, бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиіс, - деп түсіндірді Дәулет Мұқаев.

Айта кетейік, біз бұған дейін бірнеше психологпен сұхбаттасып, квадроберлер туралы жан-жақты шолу әзірлеген едік.  

Өзгелердің жаңалығы