Депутат ауылдағы үйге төлейтін салықты көбейтуді ұсынды

8 Қараша 2024, 18:30
729
Бөлісу:
Депутат ауылдағы үйге төлейтін салықты көбейтуді ұсынды
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев салықтың түрлерін көбейтуді ойлауымыз керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы депутат Мәжілісте Қоғамдық палатаның отырысында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін және аудандар мен ауылдардан сайланған әкімдердің жұмыс тәжірибесін талқылағанда айтты.

Ауыл бюджеті ешқашан жетпейді. Қала мен ауылдың айырмашылығы 20 есе. Бір ауылға 30 мың теңге болса, бір ауылға 600 мың теңге. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Қаладан бірдеңе алып көріңізші, шуылдап шыға келеді. Себебі өзіміз қала тұрғындарымыз. Сондықтан ауылға анадан тартып, мынадан тартып беру – ол шешім емес. Біз салықтың түрлерін көбейтуді ойлауымыз керек. Біз мүлік салығын көбейтуден несіне қорқамыз. Қазір ауылдағы үйге қанша теңге салық төлейді? Жылына бір рет қана 350 теңге төлейді, - дейді депутат.

Анас Баққожаев бір ауылдан кем дегенде 3 млн теңге ғана мүлік салығы жиналатынын қоса кетті. 

Біз неге оны 10 есе көбейтпейміз? Сонда 3 млн теңге емес, 30 млн теңге жиналады. Міне, сол кезде әкімдердің мәселесі шешіледі. Әрине халық төлегісі келмейді. Халық салықты көтергенге қарсы. Бірақ, кешіріңіз, біз неге интернеттің бағасын төмендетпейміз? Олар интернетке айына 7000 теңгеден төлейді. Цифрландыру дамып жатқан кезде, керемет спутниктеріміз бар бола тұра неге интернеттің бағасы көтеріледі? 10 мың теңге, 11 мың теңге. Осылайша интернетке бір жылда 100 мың теңге төлесе, үйге 500 теңге ғана салық төлейді, - деп айтты Мәжіліс депутаты отырыста.

Өзгелердің жаңалығы