Конституциялық реформа аясында Ата Заңның преамбуласын жаңарту, оның мазмұнын бүгінгі күннің талабына сай қайта қарау қажет. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Конституцияның преамбуласын жаңғырту жай ғана редакциялық түзетулермен шектелмейді. Мұндай қадам ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағытын айқындайтын маңызды шешім ретінде қарастырылуға тиіс.
Президент преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттігін нақты атап өткені мәлім.
Қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету, Қазақстанның Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің мұрагері екенін нақты бейнелеу маңызды екеніне ерекше мән берді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсыныстарға үстірт емес, байыппен, терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз, – деді депутат.
Конституцияның преамбуласы – Негізгі Заңның идеялық әрі моральдық іргетасы. Ол Конституцияны қабылдаудың түпкі мақсаттарын айқындап, елдің тарихи-мәдени болмысын және ұлттық келбетін танытады.
Осыған байланысты Үнзила Шапақ қажетті өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол «біз ұсынатын преамбула мәтінінде бірнеше іргелі бағыт айқын көрініс табуға тиіс» деп атады.
Пайымдауынша, ең әуелі, Қазақстан өзін біртұтас ұлт ретінде танытуы қажет.
Бұл – ұлттық бірегейлікті күшейтетін, барша қазақстандықты ортақ мақсат пен жауапкершілікке ұйыстыратын басты ұстаным. Преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл қағидаттар ел егемендігін нығайтатын шешуші факторлар болып саналады, – деді Үнзила Шапақ.
Депутат мәлімдегендей, мәдени және рухани құндылықтарды конституциялық деңгейде бекіту елді тек құқықтық мемлекет ретінде ғана емес, өркениеттік мемлекет ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Ал ғылымға, білімге, инновацияға және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән берілуі Конституцияны мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің көрінісі ретінде айқындайды.