Бүгін Мәжілістегі «Кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл» мәселелеріне арналған заң жобасын талқылау барысында депутат Бақытжан Базарбек бірқатар маңызды сауал көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, заң жобасының үшінші бабында қаржылық мониторинг субъектілері ретінде аталған 20 ұйымның тізімі толық емес және бірнеше өзекті мекеме бұл тізімнен тыс қалып отыр.
Не себепті бұл тізімге “Заңсыз активтерді қайтару туралы” ЖШС, Astana Hub, “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры, автоломбардтар, “Жасыл даму” АҚ кірмеген? Эндаумент қорлары мен есеп беру орталықтары да назардан тыс қалған. Оларды қаржылық мониторинг субъектілерінің қатарына енгізуге дайынсыздар ма? — деді депутат.
Осыған жауап ретінде Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов бұл мекемелердің кейбірі іс жүзінде қаржылық мониторингке қатысушы екенін атап өтті.
Astana Hub пен ломбардтар сияқты ұйымдар бізге есеп береді. Біз олардан мәліметтер аламыз. Кімдердің субъект болатынына қатысты шешімдер халықаралық тәжірибе негізінде, атап айтқанда, ФАТФ ұсынымдарына сүйене отырып қабылданады. Дегенмен, сіз ұсынған ұйымдарды да қарастыруға дайынбыз, — деді ол.
Алайда Бақытжан Базарбек бұл жауапқа қанағаттанбады. Оның айтуынша, заң жобасының үшінші бабында нақты 20 субъектінің тізімі берілген, ал Astana Hub, автоломбардтар, цифрлық майнингпен айналысатын мекемелер бұл тізімге енбеген.
Astana Hub ішінде криптовалюта мен заңсыз табыс айналымына қатысты ұйымдар көп. Ал автоломбардтар микрокредиттік ұйымдарға жатпайды. Сондықтан олардың бөлек қаралуы қажет, — деп нақтылады депутат.
Мәжілісте қаралып жатқан бұл заң жобасы қаржылық қылмыстардың алдын алу, терроризмді қаржыландырумен күресу және ФАТФ талаптарын орындау аясында әзірленген. Жобада қаржылық операцияларды бақылау тетіктерін күшейту үшін қаржы мониторингі субъектілерінің тізімін кеңейту қарастырылған.