Депутат: Арқарлыдағы петроглифтерді зерттеуді жедел қолға алу қажет

28 Сәуір 2021, 14:14
2285
Бөлісу:
Депутат: Арқарлыдағы петроглифтерді зерттеуді жедел қолға алу қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Алматы-Талдықорған бағытындағы мемлекеттік маңызы бар жолдың бойындағы Арқарлы асуының қос қапталын алып жатқан жақпар тастардағы петроглифтер қатысты Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Малайсары қыраттарына ұласатын сол сілемдер тұнған тарих. Тастағы суреттерге тіл бітсе ең кемі 3000 жыл бұрынғы дәуірді көз алдыңызға әкеледі. Ең алғаш Арқарлы асуындағы тарихи тастарға назар аударған археолог, профессор Алексей Марьяшев болатын. 2017 жылы археолог сол өңірге арнайы барып, тастағы петроглифтерді өз көзімен көріп, қолымен ұстап, тарихи суреттер қола немесе темір дәуіріне тән екенін, бұл тауларды б.д.д. 2000 жыл бұрын адамдар мекен еткенін, жалпы ғылыми түрде кешенді зерттеуді қажет ететіндігін меңзеген.

Алматы облысы әкімдігі сол жылдың тамызында Малайсары сілемдеріндегі петроглифтер мемлекеттік қорғауға алынатынын айтқан, бірақ бұл күні бүгінге дейін жүзеге асқан жоқ. Ал тастағы тарихқа ел назар аударған археолог-ғалым араға жыл салып бақилық болды. Бұдан кейін бұл жерге бір де бір ғалым ат ізін салған емес. Ресми орындардан көңіл бөлініп, қызығушылық болмаған соң өңірдегі белсенді азаматтар өздері бас біріктіріп, тарихи тастарды қоғау жөніндегі еріктілер тобын құруға мүдделі.

Өйткені, Алматы облысы Кербұлақ ауданы ауамағындағы Малайсары петроглифтері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тарихи суреттер бедерленген тастарды бизнестік бағытта өз мақсаттарына пайдалануда. Ал жергілікті билік, яғни Сарыбастау ауылдық округі аңғардағы кәсіпорындар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқанын алға тартады – дейді депутат.

Яғни, асудағы шағын зауыт қиыршық тастар мен тақтатас өндірісімен айналысады.

Петроглифтер өңірлік атқарушы билік тарапынан арнайы бақылауға алынып, ғылыми институттар тарапынан нақты зерттеу нысанына айналмағандықтан өндірісшілерге ешқандай шектеу жоқ. Өйткені, бұл жерді жеке тұлғалар ауылшаруашылық мақсатында пайдалану үшін заңды түрде иелігіне алып, кәсібін жүргізіп отыр. Осы күнге дейін тастағы петроглифтердің біраз бөлігі бұзылып, қиратылып кеткен. Қазіргі күні «Integra Construction KZ» ЖШС-ға қарасты Жоламан қиыршықтас зауыты, тақтатас шығаратын «Арқарлытас» сынды жеке фирмалар өңірде өз кәсібін жалғастырудаЖедел түрде тиісті шешімдер қабылданбаса аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлердің күл-талқаны шығып, үгіліп, бабалар тарихы қиыршық тасқа айналады – дейді Жанарбек Әшімжан.

Жалпы, ғалымдар Малайсары сілемдеріндегі тастарда бедерленген суреттердің 3,5 мың жылдық тарихы барын айтады. Сондай-ақ, ҮІ-ҮІІ ғасырлардың мәдени ескерткіштері, бергі ХҮІІ ғасырлардағы таңбалар бедерленген тастар барын да алға тартады. Ал бұл мәселеге назар аударған кәсіби заңгерлер «Арқарлы асуында тарихи мұраларға қатысты өрескел заң бұзушылықтар орын алып отыр» деп мәлімдеуде.

Осы мәселені баса назарға ала отырып, тиісті мемлекеттік құзырлы орындар мен аймақ басшысына мына мәселелерді тапсыруыңызды сұраймын: бірінші, жедел түрде арнайы комиссия құрылып Арқарлы асуындағы ахуалды зерттеп, киелі мекен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының» тізіміне енгізілуіп, қорғауға алынуы керек – дейді ол.

Екінші, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жанынан арнайы комиссия құрылып, Арқарлыдағы петроглифтерді жүйелі зерттеу жұмысын жеделдетіп қолға алу қажет.

Бұл – ата тарихымыз үшін және ұлтық мәдени мұраларды сақтау бағытындағы аса маңызды қадам. Осы жайттарды назарыңызға сала отырып, заңнамада көрсетілген мерзімге сәйкес тілегімізге жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз – дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы