Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат Ақтөбедегі жайлы мектеп құрылысымен танысты

9 Шілде 2025, 19:46
513
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасы аясында Ақтөбе қаласында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты. Депутат жұмыстың сапасы мен қарқынын тексеріп, жауапты мамандармен өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс бойынша аталған ұлттық жоба аясында 11 400 оқушыға арналған 14 мектеп салынады. Оның ішінде 2 мектеп былтыр пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылына дейін тағы 3200 орынға арналған 4 мектеп қолданысқа берілмек. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы Саяжай-1 тұрғын алабында салынып жатқан 300 орындық білім ордасы. Ол «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген.

Оқушы орындарының тапшылығын жою – партия бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Бұл мектеп №50 мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар заманауи білім беру мекемесі соңғы технологиялармен жабдықталып, балалардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік береді. Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жыл соңына дейін үш ауысыммен оқыту мәселесі түбегейлі шешіледі, – деді Қ.Әлішев.

Мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаның жалпы құны 3,53 млрд теңге, ал ғимараттың ауданы 6 мың шаршы метрден асады.

Нысанды аралау барысында депутат мектептің химия пәні кабинеттерінің жабдықталуына байланысты ескеру жасады.

Балалар лабороториялық жұмыс жасаған кезде зиянды заттармен улану қаупінен сақтану үшін химия пәні кабинетінде ауа сорғыш құрылғылары көп болуы керек. Егер ол санитарлық-эпидемиологиялық бақылау талаптарында болмаса, біз заңға өзгерістер енгізуге дайынбыз, – деді ол.

Сонымен қатар Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» шекара бекетінің жұмысымен танысты. Мәртөк ауылында бой көтеріп жатқан өрт сөндіру депосының құрылысын аралады. Бұл нысан да партияның Жол картасына сәйкес биыл пайдалануға берілуге тиіс. 

Бұдан бөлек, депутат Шалқар ауданына қарасты Бозой ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, спорт кешені, мектеп, жазғы футбол алаңы және жол құрылысы сынды өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдады. Сұйытылған газ тапшылығы мен оны жеткізу мәселесі де назардан тыс қалмады.

Өзгелердің жаңалығы