Депутат аграрлық салаға жағдай жасалса, инвестициялық сұраныста болатынын айтты

25 Наурыз 2021, 12:32
1727
Бөлісу:
Депутат аграрлық салаға жағдай жасалса, инвестициялық сұраныста болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жер ресурстарымыздың жекеменшікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды деген пікірде.

Қазақстан үшін ауыл шаруашылығындағы жерлер жай ғана өндіріс құралы емес, ең алдымен, бұл біздің ұлттық игілігіміз, ата-бабадан қалған тарихи мұрамыз. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшік емес, тек мемлекет құзырында болуы керек. Бұл, ең алдымен, біздің геосаяси жағдайымызға байланысты, - деді ол.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы жерлері көлемі бойынша әлемде 6-орында тұрмыз. Ал егістік алқаптары бойынша жан басына шаққан Австриядан кейін екінші орындамыз. Яғни бір адамға шамамен 1,3 гектар егістік жер келеді. Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жер ресурстарымыздың жекеменшікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жер тек жалға берілуі тиіс.

Күрішбаевтың сөзінше, әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Мысалы, Израильде барлық ауыл шаруашылық жері мемлекет құзырында. 

Екіншіден, қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы негізінен жерасты пайдалы қазбалары арқасында дамуда. Бірақ олар бір кездері аяқталатын, жаңармайтын табиғи ресурстар. Демек мемлекетіміздің дамуы ауыл шаруашылығына байланысты болады. Болашақ ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатында жерлерді пайдалану қолжетімді болуы керек. Яғни олар өзінің аграрлық бизнесін дамыту үшін жерді жер иеленушілерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет, - деп айтты депутат.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшіктің болмауы аграрлық салаға инвестициялар тартудың басты тежегіші деген пікір бар. Шынында агроөнеркәсіп кешенге инвестициялар тарту жағынан біз әлемнің жетекші аграрлық елдерінен артта қалып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Австралияда 1 га егістікке шамамен 422 АҚШ долларын құрайды, Канадада 80 АҚШ доллары, ал Қазақстанда 1 долларға да жетпейді. Яғни 400 есе аз.

Шетелде инвестиция тартудың басты шарты – ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы. Бұл, ең алдымен, мемлекеттің тиімді аграрлық саясаты есебінен қалыптасады.

Егер біздің шаруаларымыз шетелдік фермерлер сияқты арзан кредиттермен мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларымен, субсидиялармен, кепілдендірілген сақтандыру жүйесімен және ғылыми технологиялық жетістіктермен қамтамасыз етілсе, біздің де аграрлық саламыз инвестициялық сұраныста болар еді, - деп түсіндірді ол отырыста.

2016 жылы құрылған мемлекеттік жер комиссиясының өз уақытында қоғамдағы түрлі пікірлерді біріктіріп, жер қатынастарын жетілдіру жөнінде негізгі ұсыныстарын ескергенін атап өтті.

Менің ойымша, қазіргі жер комиссиясы өз жұмысында сол ұсыныстарды негізге алуы керек. Өкінішке қарай, олардың бір бөлігі іске асырылмай қалды, - деп түсіндірді депутат.

Оның сөзінше, мәселен, елде жер ресурстарын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін, біз мемлекеттік жер инспекциясының вертикалын қалпына келтіре алмадық. Жер ресурстарын басқару комитеті дербес орган емес, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты. Сонымен қатар, оның тек 38 адамнан тұратын орталық аппараты бар. Аймақтық жер инспекциялары жергілікті атқарушы органдарға берілген. Сонда аудан әкімі жерді өзі бөледі, өзі оны бақылайды. Бұл дұрыс емес. 

Елімізде топырақ-агрохимиялық зертханалар желісін құру мәселесі де шешілген жоқ. Сондықтан жалға берілген жер телімдерінің топырақ құнарлылығы  не болып жатқанын нақты білмейміз. Осы уақыт ішінде біз ауыл шаруашылығы жерлерінің ғарыштық мониторингінің отандық жүйесін заманауи деңгейге көтере алмадық. Ашығын айтсақ, бұл бағытта бізде нақты іске қарағанда, әдемі сөздер көп. Әкімдіктер ауылдық елді мекендерді жайылымдармен қамтамасыз ету мәселесін соңына дейін шеше алмады. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, қазір ауылдың малын жаюға 32 млн гектардан астам жайылым жетіспейді. Бұл Үкіметтің қарауына 2016 жылы жер комиссиясы шығарған мәселелердің бір бөлігі ғана, олар әлі күнге дейін түпкілікті шешімін таппады, - деп айтты Күрішбаев.

Өзгелердің жаңалығы