Денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрі-дәрмектердің заңсыз сатылғанын анықтады

Медициналық ұйымдар арқылы пациенттерге берілген дәрілер кей жағдайларда дәріхана желілеріне түсіп, заңсыз сатылған.

17 Сәуір 2026, 11:55
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат 17 Сәуір 2026, 11:55
17 Сәуір 2026, 11:55
593
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тегін қамтамасыз етуге арналған дәрі-дәрмектердің айналымында заңбұзушылықтарды анықтады.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап елдегі дәріханаларда кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында берілуі тиіс 4114 дәрі-дәрмектің сатылғаны тіркелген.

Анықталғандай, медициналық ұйымдар арқылы пациенттерге берілген дәрілер кей жағдайларда дәріхана желілеріне түсіп, заңсыз сатылған.

Тексерулер мен айыппұлдар

Бақылау аясында 74 нысанда жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 31 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 12,3 млн теңге айыппұл салынды. Тағы 43 нысанға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

«Таңбаланған тауарлардың электрондық құжат айналымы орталығы» аналитикалық платформасының деректеріне сәйкес, дәрілерді таңбалау кодтарын пайдалану барысында жүйелік ақаулар анықталған.

Атап айтқанда, дәрілерді айналымнан қайта шығару бойынша 35 537 жағдай, бір кодты әртүрлі қатысушылардың қолдануының 480 752 фактісі тіркелген. Сондай-ақ 1140 нысан 15 614 кодты қайтадан айналымнан шығарғаны белгілі болды.

Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды

Анықталған фактілер бойынша материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне және ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жіберілді.

Қазіргі уақытта қосымша тексерулер жүргізіліп жатыр, заңбұзушылықтарды анықтау жұмыстары жалғасуда.

Наверх