Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіндегі ақауларды мойындады: Не өзгереді?

Кезектер тікелей қысқармайды, бірақ жоспарлау күшейтіледі.

 BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 09:30
Бүгiн 2026, 09:30
128
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде теңгерімсіздік байқалады: шығындар өсіп келеді, алайда тиімділік күткен деңгейден төмен. Бағалауларға сәйкес, шығындардың 10%-ға дейінгі бөлігі тиімсіз болуы мүмкін. Осыған байланысты МӘМС 2.0 моделін қайта іске қосу дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар, жүйеде бұған дейін сарапшылар да, билік те айтқан проблемалар сақталып отыр. Әңгіме кезектерге, медициналық көмектің қолжетімділігіне және қаржының тиімді жұмсалуына қатысты шағымдар туралы. Тек 2025 жылдың өзінде Қорға азаматтардан 23 мыңнан астам өтініш түскен.

Қолданыстағы МӘМС моделінің негізгі мәселесі – жүйені басқарудың бірыңғай контурының болмауы. Қазіргі таңда жоспарлау, сатып алу, бақылау және төлем процестері әртүрлі жүзеге асырылады. Бұл бірқатар жүйелік салдарға әкеледі: қаржы ағындарының ашықтығының шектеулі болуы; қолмен басқарудың басымдығы; бақылаудың көбіне кейін жүргізілуі; тиімділікке сәйкес келмейтін шығындардың өсуі. Сонымен қатар, жүйе тарихи тұрғыдан көрсетілген қызмет көлеміне бағытталған, ал пациент үшін нақты нәтиже ескерілмеген, - деп хабарлады Қор редакция сауалына берген жауабында.

Дәл осы жинақталған қайшылықтар реформаның басталуына негіз болды.

Енді жаңа архитектура аясында Медициналық сақтандыру қоры тек қаржыландырып қана қоймай, халықтың қажеттіліктерін болжауы, тәуекелдерді басқаруы және жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.

Демографияны, аурулар құрылымын және экономикалық факторларды ескеретін болжау жүйесі енгізілуде.

Енді ресурстар халықтың нақты қажеттіліктеріне қарай бөлінеді. Адал жеткізушілерге басымдық беріледі, ал тәуекелі жоғары ұйымдарға бақылау күшейтіліп, қажет болған жағдайда қаржыландыру шектелуі мүмкін, - деп түсіндірді ӘМСҚ.

Қосымша ретінде жоспарлаудан бастап төлемге дейінгі барлық кезеңде қаржы қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ететін Qalqan бірыңғай цифрлық архитектурасы енгізілуде.

Сонымен қатар, бұл жүйе дәрігерлердің жұмысына араласпайды және емдеу процесін реттемейді. Оның міндеті – қаржылық тәртіп пен басқаруды қамтамасыз ету, - деп атап өтті Қорда.

Пациенттер мен жалпы жүйе үшін не өзгереді?

Халық үшін ең өзекті сұрақтардың бірі – реформа кезектерге және мамандарға қолжетімділікке қалай әсер етеді.

Тікелей әсер күтілмейді: бұл мәселелер медициналық ұйымдар деңгейінде шешіледі. Алайда жанама әсер болуы мүмкін. Медициналық көмектің көлемін дәлірек жоспарлау және тапшылықтарды анықтау болашақта кезектердің азаюына жағдай жасайды.

Айта кету керек, 2026 жылдан бастап скринингтік зерттеулер тізімі кеңейтілді. Оған жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатиттер енгізілген.

Енді басты мәселе – қанша қаражат жұмсалғанында емес, пациент қандай нәтиже алатынында және жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығы қаншалықты қамтамасыз етілетінінде. Егер бұл қағидат дәйекті түрде іске асса, реформа Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды өзгерістерінің біріне айналуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов конституциялық реформа аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, медицинаға бөлінген әр теңге нақты пациентке жетуі тиіс екенін айтқан еді.

Наверх