Алматы, BAQ.KZ. Алматы облыстық соты Денис Теннің өліміне қатысты сотталған Жанар Толыбаеваның «жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру» туралы Іле аудандық сотының қаулысын бұзғандарын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 17 қаңтардағы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен Жанар Толыбаева «қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру» фактісімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, жазаны өтеу мерзімі 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап есептелген.
2019 жылы желтоқсан айында Ж.Толыбаева жаза мерзімінің – 1/3 бөлігін өтеп, өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, «жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру» туралы арызымен сотқа жүгінген.
2020 жылдың 6 қаңтардағы Іле аудандық сотының қаулысымен Ж.Толыбаеваның арызы қанағаттандырылып, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген мерзімі бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылған.
Сотта, Ж.Толыбаеваны мекеме әкімшілігімен жағымды сипатталғаны және прокурордың сотталғанның өтінішін қолдап, жазасын неғұрылым жеңіл түріне ауыстыруды сұрағаны ескерілген.
2021 жылы қаңтар айында, жәбірленуші тарап сот қаулысымен келіспей, апелляциалық шағым беру мерзімін қалпына келтіріп, Алматы облыстық сотына сот қаулысын бұзуды сұрап жеке шағым келтірген,-делінген хабарламада.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жыл 19 наурыз қаулысымен, Іле аудандық сотының 2020 жыл 6 қаңтардағы қаулысы бұзылып, жәбірленушінің жеке шағымы қанағаттандырылған.
Сот алқасы, сотқа ұсынылған материалда сотталғанның түзелу жолына түскендігі туралы мәліметтің жеткіліксіз екенін, сонымен қатар, бірінші сатыдағы соттың шешім шығару кезінде жәбірленуші тараптың пікірі ескерілмегені анықталды,-делінген хабарламада.Осы орайда, Ж.Толыбаева сот жазасын ары қарай өтеу үшін ЛА-155/4 түзету мекемесіне қайтарылған.