Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада «Барыс Аренада» мәнерлеп сырғанаудан екінші Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі басталды.
Биыл мәнерлеп сырғанаудан «Челленджер» (ISU Challenger Series) санатында 7-жарыс саналатын Denis Ten Memorial Challenge турнирінде 16 елден келген 100-ден астам спортшы бақ сынайды. Оның ішінде биылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері, Бейжіңде өтетін Олимпиадаға баратын мәнерлеп сырғанаушылар бар.
Турнирде бақ сынайтын қазақстандық спортышылар: ерлер арасындағы жекелей сында – Рахат Бралин, Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев. Әйелдер арасында – Анастасия Лобанова, Богдана Ракишев мен Ясмина Текик. Ал жұптық сында ел намысын Гаухар Наурызова/Боянсангур Датиев және Максин Уэзерби/Темірлан Ержанов жұбы қорғайды.
Айта кетейік, «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырып жатқан сайыс 31 қазан күні мәресіне жетеді.
Турнирде Халықаралық конькишілер одағының (ISU) жоғары санатты 36 төрешісі қызмет етеді.