Денесіне таяқ қадалған турист көмек шақырмай 16 шақырымды жаяу жүріп өтті

Қымбат эвакуациядан бас тартқан америкалық турист денесіне қадалған таяқпен 16 шақырымды жаяу жүріп өткен.

 The New York Times 30 Шілде 2026, 17:36
30 Шілде 2026, 17:36
121
Фото: The New York Times

АҚШ-тың Монтана штатында тауға серуендеуге шыққан 32 жастағы Дэвид Чифальди ажалдан аман қалды. Ол екі досымен бірге штаттағы ең биік шың – Гранит-Пикке көтеріліп келе жатқан.

The New York Times басылымының мәліметінше, шыңға санаулы метр қалғанда Дэвидтің аяғы тайып кетіп, құлап түседі. Жерге аунап түскен сәтте треккингке арналған таяғының бірі сол жақ қолтығының астынан кіріп, арқасынан тесіп шыққанын байқайды. Мұндайды көрген ер адам қатты шошып кеткен.

Абырой болғанда, Дэвидтің өзі медицина саласында жұмыс істейді. Ол үрейге бой алдырмай, ең алдымен өз жағдайын бағамдап шыққан. Қансырауы қатты болмаған, басы айналмаған, тыныс алуы да қалыпты болған. Кейін анықталғандай, таяқ бұлшықетке ғана қадалып, өмірлік маңызды ағзаларға тимеген. Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті аймаққа небәрі үш сантиметр жетпей тоқтаған.

Құтқару тікұшағын шақырту тым қымбат болғандықтан, Чифальди таудан өз күшімен түсуге бел буады. Достары да оны жалғыз қалдырмай, жол бойы қолдау көрсеткен. Бірі алда жүріп, қарсы кездескен адамдарға ескерту жасап отырған болса, екіншісі артынан еріп, жарақатының жағдайын бақылап отырған. Көңіл-күйді түсірмеу үшін олар әзілдесіп, тіпті денесіне таяқ қадалған досына «Кәуап» деген лақап ат та ойлап тапқан.

Тау етегіне дейін түсуге алты сағат уақыт кеткен. Осы аралықта олар қар мен тас аралас жолмен шамамен 16 шақырым жүрген. Алдымен Чифальдиді жақын маңдағы ауруханаға апарған. Кейін ол өзі қызмет ететін емханаға жеткізуді сұраған. Сол жерде дәрігерлер наркоз беріп, жеті сағат бойы денесінде тұрған таяқты мұқият алып шыққан.

Ауыр жарақат алғанына қарамастан, Дэвидтің жағдайы тез жақсарған. Бірнеше күннен кейін ол қайтадан жұмысына кіріскен. Басынан өткен оқиғаға мойымаған ол келесі жылы Гранит-Пикке қайта барып, шыңға дейін толық көтерілуді жоспарлап отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстанда тегін медициналық көмекке, жедел жәрдем мен құтқару қызметіне көпшілік әрдайым мән бере бермейді. Арнайы дайындықсыз және қажетті құрал-жабдықсыз тауға шығатындар аз емес. Соның салдарынан оларды құтқару үшін тікұшақтар мен төтенше жағдайлар қызметінің арнайы жасақтары жұмылдырылады. Мұндай операциялар мемлекетке миллиондаған теңгеге түссе де, қазақстандықтар, тіпті туристердің өзіне тегін көрсетіледі. Ал АҚШ-та медициналық авиацияның немесе құтқару тікұшағының қызметі өте қымбат болғандықтан, адамдар мұндай көмекке жүгінер алдында әр қадамын мұқият таразылап алады.

Наверх