Биыл жалған жеке кәсіпкерлік арқылы декреттік төлем алуға қатысты 113 қазақстандыққа 16 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 2024 жылы жүкті әйелдер жаппай бірнеше жұмыс берушіге жүгінгендерін мәлімдеді.
Олар қомақты жәрдемақы алу үшін өздерінің ресми табыстарын бірден көбейтіп көрсетуге көшкен. Мәселен, бір ғана кәсіпкер 30 жүкті әйелдің құжаттарын ұсынған.
Осылайша, алдап-арбап алу жолымен әйелдер бір млн теңге көлемінде табыстары бар екендігін көрсетіп, 4,5 млн теңге төлем алған.
Ал 1500 әйел төлемақыны тағайындау барысында табыстарын әдейі жоғары көрсеткендерін мойындаған. Осылайша, мемлекет қазынасы 3 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеді.
Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, олар мемлекетке ақшаны әлі қайтармаған. Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.