Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "декретке миллионмен" және жасанды интеллектіге қатысты айтылып жатқан пікірлерге ойын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Дәулет мырза, сіз бұған дейін "декретке миллионмен" курсын қыз-келіншектерге оқыттыңыз. Түсінгенімше, кез келген ана миллион теңге алып, декретке шыға ала ма?
- Оны есептейтін формула бар. Бір жылдық немесе декреттен кейінгі “после родовой” төлеміңіз, 24 айдағы орташа табыстың 40%-дық деңгейінде. Формуламен осылай айта салсаңыз, оны түсінбей қалады. Ал енді оның барлығын өзімнің сабақтарымда барлығы сызылып, жазылып, көрсетілген.
Кейбір адамдар үйде отырып, тәттілерін пісіріп, тоқымамен, тігінмен айналысты. Мысалы, ондай іспен әйелім де айналысты. Бірақ кәсібін заңдастырмаған азаматтарымыз жетеді. Ал енді айналысып отырған кәсіпті заңдастырып, әйелдеріміз тауып отырған табысына сәйкес декретке шыға алады. Бұл туралы мәлімет, формула Азаматтарға арналған үкімет порталында (eGov.kz) да анық айтылған. Бірақ бұл формуланы біреуі түсінсе, біреуі түсіне бермейді.
Интернетте де физика, химияның формуласы ашық тұр. Бірақ оны біреу түсінеді, енді бірі түсінбейді. Ал оны түсіндіретін мұғалім болады. Тура солай сияқты “Декретке миллионмен” формуласын, есебін сабақтарымда түсіндіріп жүрдім. Тіпті eGov-та 2,5 млн теңгенің есебі тұр.
Яғни кез келген ана егер заңды табысы болса, декретке миллионмен шыға алады. Ол тек қана “ИП”, яғни жеке кәсіпкер болуы шарт емес. Төлем ең төменгі айлықтың деңгейімен есептеледі. Яғни оның максималды көлемі 7. Мысалы, 7-ні 85 мың теңгеге көбейтсек, 580 мың-590 мың жалақы шығады. Яғни сіз осындай жалақы алсаңыз, максималды декреттік төлем ала аласыз. Мұндай айлықпен шамамен 2,5 млн теңгеге дейін декреттік төлем беріледі.
Ал егер заңды табысыңыз айына 100 мың теңге болса, онда болашақ ана декретке миллионға жетер-жетпес төлем алып, шығады.
Ал егер декретке шығатын анада табыс болмаса, онда мемлекет беретін 7 АЕК жәрдемақы алады.
Бұл жердегі басты мәселе – заңды дұрыс пайдалану.
Мәселе тек декретке ғана келіп тіреліп тұрған жоқ. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек бар. Оны алу үшін түрлі айла-шарамен заңды айналып өтіп жатқандар да бар. Ал бұл көмекке шын мұқтаждар оны ала алмай жүр.
Оған қоса кәсіп бастауға мемлекет 400 АЕК қайтарымыз гранттар береді. Мұнда да өтірік бизнес жоспар жасап, Үкіметті алдап, ақша алатындар бар. Тура сол сияқты “Баспанаға бағыт” деп те үйретіп жүрмін.
Былтырдың өзінде 280 мыңнан астам әйел декретке шыққан. Бұл азаматтарға Әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер берілген.
Бізде бас ал десе, шаш алатын адамдар өте көп. Сондықтан барлығы заң аясында болса, ешқандай мәселе болмайды.
- Сізді халық арасында кінәлап жатқандарға не айтасыз?
- Мені артық кінәлап, жала жауып жатқандарды заң аясында сотқа тарту керек деп ойлаймын. Ол адамдардың барлығы менің сабағыма қатыспаған деп 100% айта аламын. Бірақ мен декретке шығарда “өтірік ИП ашпаңыздар”, “барлығы заңды түрде болуы керек” деп айтып келдім. Сабағымда заңсыз жұмыс істеп, табысын заңдастырмағандар да болды. Міне керісінше, осы азаматтар сабаққа қатысқаннан кейін кәсіптерін заңдастырды.
- Артық кетіп жатқандарды сотқа бересіз бе?
- Артық кетіп, ар-намысымды таптап жатқандар болса, оларды сотқа беруге Конституциялық құқығым бар. Әзерге ондай жоспарым да, оған уақытым да жоқ. Алайда аузым бар екен деп, әрнәрсені бір айта беруге де болмайды.
- Жақында жасанды интеллектіге қатысты пікір айтып едіңіз. Сіздің ойыңызды қоғам белсенді талқылады...
- Кез келген таяқтың екі ұшы бар. Кезінде интернет келген кезде де халық шулаған болатын. Ал енді қазір интернеттің пайдасын да, зиянын да көріп отырмыз. Мәселе – оны қалай пайдалануда.
Мектеп оқушыларына ЖИ-ді қолдануға шектеу қою керек дедім. Себебі қазір оқушылар тапсырманы орындайтын кезде өздері ойланбайды. Ал ми ойлануы керек. Жасанды интеллектіге барлығын сілтей салуға болмайды. Жасанды интеллектіге дұрыс тапсырма беріп, бағыттайтын болса, онда әрине одан біз ешқайда қаша алмаймыз.
Мектеп жасындағы оқушылардың ойлау қабілеті басқаша. Олар ЖИ-ге толығымен сеніп, өздері ойланбаса, ертеңгі күні біз соның зардабын көреміз. Міне мен осыны айттым. Мысалы, қазір 1-2 жастағы сәбилерге ата-аналары телефон беріп қояды. Қазір біз мұның салдарын көріп жатырмыз. Қазір балаларда агрессия басым, дұрыс сөйлей алмайды. Ал енді ертеңгі күні мектеп оқушысының барлығы берілген тапсырманы жасанды интеллектімен орындап отыратын болса, онда мұғалімнің керегі не? Тапсырма да, кітап та керек емес болып қалады. Онда жасанды интеллект ғана бар деп, барлығымыз телефонға телміріп жүре берейік.
- Ендеше оны қалай шектей аламыз...
- Мектеп оқушыларына сабақта телефон пайдалануға шектеу бар. Бірақ оны кейбір мектеп талап етеді, кейбірі талап етпейді.
Заң бар. Мұғалім шектеу қоя алады.
Бұл мәселеге ата-аналарды да тарту керек. Себебі ми ойланбаса, жаңа дүниелерді қайдан ойлап табамыз? Иә, біз оның мүмкіндіктерін пайдалануымыз керек, бірақ дұрыс бағытта. Себебі оның қаупі қазір бірден шыға салмайды.
- Бірақ керісінше сіздің пікіріңізге қарама-қайшы пікір айтып жатқан әріптестеріңіз де бар. Олар мүмкіндігін пайдаланып, оқушыларға да, мұғалімдерге де дұрыс пайдалануды үйрету керегін айтып жатыр...
- Сіз интернеттен де барлық ақпаратты алып отырсыз. Бұл жерде мен үй тапсырмаларына қарсы шығып отырмын. Тіпті диссертациялық жұмыстың өзін жасанды интеллектінің көмегімен жазып жатқан студенттер де бар. Ал бұл айналып келгенде қандай білім? Мұндай жағдайда адамның ойлау қабілеті екінші орынға түсіп кетеді. Әрине ЖИ-ге дұрыс тапсырма беріп, дұрыс бағытта пайдалансаң, оның пайдасы жоқ емес.
Бірақ мектеп оқушылары тапсырманы ChatGPT-ге салып, өзі орындамаса, ертеңгі күнгі оның ойлау қабілеті қалай болады?! Бала сыни тұрғыда ойлай ала ма? Аналитика жасай ала ма? Мәселе осыда.
- Сұхбатыңызға рахмет!