Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы баспасөз конференциясында ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев айтты.
Ол «Кіріс» декларациясында жылжымайтын мүлік, әуе және теңіз кемелері, суда жүзетін кемелер туралы, еліміздің аумағында тіркелген көлік құралдары және арнайы техника және тіркемелер туралы, банк шоттарындағы ақша сонымен қатар Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне берешегі туралы мәліметтерді көрсету міндеті алып тасталғанын мәлімдеді.
Жайдар Іңкәрбаевтың мәлімдеуінше, мұндай мүлік туралы ақпараттар мемлекеттік кірістер органдарында бар, сондықтан жеке тұлғаларға бұл мәліметтерді толтыру ауыртпалық түсірмейді.
Сондай-ақ ол Декларацияда 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қолда бар активтер мен міндеттемелер туралы мынадай мәліметтерді көрсету қажеттігін айтты.
- шет мемлекетте тіркелген не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттардағы барлық банктік салымдар бойынша 1000 еселенген АЕК-тен асатын сомадағы ақша;
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
- бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен жүргізілетін туынды қаржы құралдарын қоспағанда);
- инвестициялық алтын;
- зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;
- 10 000 АЕК шегіндегі сомада көрсетілетін қолма-қол ақша;
- нотариат куәландырған шарт немесе міндеттеменің немесе талаптың туындауына негіз болып табылатын өзге де құжат болған кезде дебиторлық немесе кредиторлық берешек, -деп толықтырды спикер.