Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мексикалық кәсіпқой боксшы Сауль "Канело" Альварес Геннадий Головкинге қарсы үшінші жекпе-жегін көрермендердің көзінше ғана өткізеді, деп жазады Prosports.kz.
Бұл туралы боксшының промоутері, Golden Boy Promotions компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя мәлімдеді.
Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек үшін бізге көрермен керек, жанкүйерлер керек, - дейді промоутер.
Оның айтуынша, Лас-Вегаста бокс кешін өткізу мәселесі нақты шешілмейінше, "Канелоға" жекпе-жек ұйымдастырылмайды. Сондай-ақ Головкин мен Альварес кездесуін жанкүйерлердің тамашалауы өте маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін Головкиннің IBF нұсқасы бойынша міндетті қарсыласы Камил Шеремета GGG-мен жекпе-жегін жанкүйерсіз өткізуге дайын екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, "Канело" мен GGG арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегаста өтті. Ол кезде тең нәтиже тіркелді. Қос қарсылас араға тура бір жыл салып қайта кездескен. Ол жолы мексикалық төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.