Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бразилияда коронавирус жұқтырғандар миллионнан асты. Бұл туралы 19 маусымда елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус індетінің "жаңа әрі қауіпті" кезеңі келгенін ескертті.
Бразилияның Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде вирус жұқтырғандар 1 млн 32 мың 913 адамға жеткен. Жұма күні елде 1206 адам қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, жалпы 48 954 адам көз жұмған. Коронавирус жұқтырғандар мен адам өлімі көрсеткіші жағынан Бразилияның алдында тек АҚШ қана тұр.
Соңғы мәлімет бойынша, АҚШ-та барлығы 2,2 млн адамнан коронавирус табылған, шамамен 119 мың адам қайтыс болған.
18 маусымда бір күнде әлемде 150 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды. ДДСҰ жетекшісі Тедрос Гебрейесус бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғарғы көрсеткіш деп мәлімдеп, індеттің "жылдамырақ жайыла бастағанын" айтты. Науқастардың жартысы Солтүстік және Оңтүстік Америкада тұрады.
Әлемде 8,6 миллион адамнан коронавирус табылған. 460 мыңнан астамы қайтыс болған. 4,2 млн адам жазылған.