Дауыс беру парағын әлеуметтік желіге жариялаған азаматқа айыппұл салынады

9 Маусым 2019, 12:55
7295
Бөлісу:
Дауыс беру парағын әлеуметтік желіге жариялаған азаматқа айыппұл салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Facebook әлеуметтік желісін қолданушы азаматтың бірі сайлау күні дауыс беру парағын жариялаған. Оған енді әкімшілік айыппұл салынады. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтты.

"Өздеріңіз білесіздер, сайлау күнінде үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынған. Сондықтан заң бұзғандарға әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға 15 АЕК (37 мың теңге), заңды тұлғаларға 30 АЕК (75 мың теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған", – дейді Болат Дембаев.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары алдын-ала ескеткеніне қарамастан, әлеуметтік желіде жасырын түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген азаматтар бар екен.

"Сайлауға барып дауыс беріп сосын бюллетеньді әлеуметтік желіге жүктеген дерегі тіркелді. Бұл жасырын үгіт-насихатқа жатады. Оған айыппұл қарастырылған. Сағат 20:00-ге дейін сайлау хаттамасын жариялауға болмайды. Бұл барлығына қатысты, оның арасында байқаушылар да бар. Барлық деректер бойынша тексеріс жүргізіліп, шара қолданылады, –дейді Бас прокурордың орынбасары.

Ол сондай-ақ Facebook әлеуметтік желісін қолданушы азамат өзінің кімге дауыс бергенін жариялап, өзгелерді соған шақырған. Осы посттан кейін бұл адамның парақшасынан кімнің кіргенін бас прокуратура тексеріп, шара қолданатынын айтты.

"Сайлау күні барлық арыздар жедел қарастырылады. Жалпы, алғанда сайлау тыныш өтіп жатыр. Қоғамдық тәртіпке байланысты тәртіп бұзушылық байқалған жоқ. Тағы да айта кетейін, жасырын үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынған", – деді Б.Дембаев.

Өзгелердің жаңалығы