Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында бірқатар сұраққа жауап берді. Отандық қана емес, ресейлік ақпараттық кеңістікті елең еткізген оқиға талқыға түсті.
«Ғаламторда жарияланған кейбір жарияланымдардың негізінде ресейлік депутаттар Қазақстандағы орыс тілінің жағдайына қатысты наразылықтарын білдірген болатын. Бұл жағдайға қатысты қандай пікір айта аласыз?» деп сұрады бағдарлама жүргізушісі Дәурен Абаевтан.
Ешқандай күмәнсіз: мұндай жағдайлар өрескел әрі оған жол беруге болмайды. Сондықтан құқық қорғау органдары әділ құқықтық бағасын бере жатар. Кемсітушілікке кімнің негіз болғандығына, қандай себепке байланысты болғанына қарамастан, орыс, қазақ немесе басқа ұлт өкілі болсын, біздің елімізде мұндайға жол жоқ. Оның үстіне, біздің азаматтарымыздың басым көпшілігі осындай жосықсыз ұлтшылдықтың көрініс табуын талқыға салады. Өкінішке қарай, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде болып жатады. Бұл - мұндай нәрселерді мемлекет қолдайды дегенді білдірмейді немесе үрдіс сондай деген сөз емес. Екі-үш адамның қалай болса солай айта салған сөзіне қарап 19 млн халқы бар елдің жағдайы туралы кесіп-пішуге бола ма?! Болмайды деп ойлаймын, - деп өз ойын ортаға салды Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы туралы эмоциямен көп нәрсе айтуға болады. Бірақ деректермен сөйлеген дұрыс.
Біздің елімізде халықтың 90%-ы орыс тілін біледі деп айтуға болады. Бұл - Ресейдің өзі мен Беларусь мемлекетін қоспағанда, әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі деп санаймын. Орыстардың өздерінің халық құрылымындағы үлесі қазір 20% шамасында деп алсақ, бізде мектеп оқушыларының 30%-дан астамы орыс тілінде білім алады. Бұл тілдің қаншалықты сұранысқа ие екендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Қазақстанда 23 мыңнан астам орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жұмыс істейді. Бұл - Орталық Азиядағы кез келген басқа елдерге қарағанда анағұрлым көп. Сол үшін Қазақстанда орыс тілінің қысым көріп жатқандығы туралы айту - әділетсіздік, - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.