Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

28 Қазан 2021, 14:00
22167
Бөлісу:
Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық отырысы өтіп жатыр. Пленарлық отырысты ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ашты.

Баршаңызды конференция жұмысының басталуымен құттықтаймын! Пандемияға қарамастан бүгінгі жиынға келгендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін! Бүгінгі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Атырау облысы әкімдігіне арнайы алғыс айтамын, - деді ол.
Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

Бұл конференцияның өтетін орны мен уақытын таңдауда айрықша мән бар.

Осыдан бір апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне барды. Ұлық Ұлыстың негізін қалаушы – Жошы ханға арналып ашылған бұл кешен тарихи тұлғаға көрсетілген лайықты құрмет екені анық.

Осы игі істің жалғасы ретінде біз де бүгін отандық және шетелдік белгілі тарихшыларды киелі Атырау жеріне жинап отырмыз. Мақсатымыз – Дала Римі, ортағасырлық аса қуатты мемлекет – Алтын Орданың тарихи мұрасын жан-жақты талқылап, оған лайықты баға беру.

Атырау – ұлан-байтақ Отанымыздың батыс қақпасы, мұнайлы астана, халқымыздың біртуар ұлдары дүниеге келген өнерлі де өнегелі өлке, - деді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

Сонымен бірге осы өңірде, Жайықтың жағасында Сарайшық қаласы орналасқан.

Бұл қаланың өркен жайып, танылған тұсы да Алтын Орда кезеңіне сәйкес келеді. Ұлы Жібек жолының Сарай-Берке мен Хорезмді байланыстырған солтүстік бағыты осы Сарайшық қаласы арқылы өткен.

Мұнда сауда-саттық, мәдениет пен сәулет өнері қарыштап дамыды. Қалада бірегей су құрылыстары жасалып, өзінің ақшасы басылды.

Орыс жазбаларында «мейірімді патша» аталып, венеция мен генуялық отарлаушыларға ықпал еткен Өзбек ұлы Жәнібек хан осы Сарайшық қаласында таққа отырған.

Сол үшін Атырау өңірі – Алтын Орданың тарихи мұрасын зерттеу ісінде маңызды орталық деп есептеймін, - деді ол.

Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

Біз үшін Алтын Орда несімен маңызды?

Алтын Орда – тамыры терең тарихымыздың бір парағы ғана емес. Бұл – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі.

Біз сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпалардан құралған Ұлық Ұлыстың қазанында қайнап, жеке ұлт болып қалыптастық, дербес хандық құрдық. Бұған тарихпен әсіре мақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы Ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы.1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу себебін Әбілқайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайды. Қандай күшті болса да, өкпе мен реніш мемлекет құраушы идея бола алмайды. Сол үшін алғашқы хандарымыздың түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы Ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру еді, - деді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып аймақты бағындырып, билік жүргізді.

Елбасы 2014 жылы Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық желісін айқындап бергені бекер емес. Бұл идеяны Шоқан Уәлихановтың қазақтар өздерін алтынордалықтардың ұрпағы санап, құрметтейді деген сөзі де қуаттай түседі. Яғни бұл бұрыннан белгілі деректер, талас тудырмайтын айғақтар. Сан ғасыр өтсе де, Алтын Орданың мәні мен маңызының халқымыздың санасында берік сақталуы сондықтан.

Әз-Жәнібек, Едіге, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер туралы жыр-дастандар төл фольклорымыздың ажырамас бөлігі. Өзбек хан сүнниттік ханафи мәзһабын Ұлы даланың дәстүрлі діні ретінде берік орнатты.

Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақ билеушілерінің бәрі де Жошы ханнан тарайды. Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы деуге болады.

Биыл мамыр айында Елордада өткен конференцияда ХХІ ғасырдағы алтынордалық 7 қағиданы баяндаған болатынмын. Бұл – бүгінгі заманға бейімдей отырып, бабалар өсиеті ретінде басшылыққа алатын Ұлық Ұлыстың орасан зор тарихи мұрасы, - деді ол.

Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

Дәурен Абаев қағидаларды қысқаша атап өтті.

Бірінші қағида – мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет. Бұл өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа лауазымды тұлғаның дербес жауап беруін білдіреді.

Екінші қағида – меритократия немесе басшылыққа лайықты адамдардың келуі.

Үшінші қағида – әкімшілік басқарудың тиімділігі.

Төртінші қағида – ғылым-білім ғұрпы.

Бесінші қағида – диалог мәдениеті.

Алтыншы – дипломатия мәдениеті.

Жетінші – адами құндылықтар.

Осы жеті бағыттың негізінде өз заманында Алтын Орда жобасы жүзеге асырылды. Олардың мүлтіксіз орындалуы Ұлық Ұлыстың өркен жайып, дәуірлеген ғасырына жол ашты.

Бұл негізгі қағидалар бүгін де бізді болашаққа батыл көз тігіп, ХХІ ғасыр талабына сай жаңғыруға бастайды, - деді Дәурен Абаев.

 

Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі


Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі

Өзгелердің жаңалығы