Дәулет Мұқаев солтүстікке көшіп барғандарға берілетін жәрдемақыны көбейтуді ұсынды

3 Мамыр 2023, 11:25
3246
Бөлісу:
Дәулет Мұқаев солтүстікке көшіп барғандарға берілетін жәрдемақыны көбейтуді ұсынды
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Оңтүстіктен-Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы арқылы қоныс аударған отбасылардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министрдің орынбасарлары Роман Скляр мен Алтай Көлгіновке жолдады. 

Мұқаевтың мәліметінше, «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Теріскейге 7 923 адам қоныс аударған. Олардың 1 320 қандас және 6 603 ішкі қоныс аударушылар болған. Ал биылға 8 652 адамға квота бөлінген.

2021-2025 жылдарға бұл бағдарламаға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де оң нәтижесін бермей отыр. Себебі көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Ал олардың саны жыл санап артып келеді. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын, - деді ол.

Мұқаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Депутат жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, Үкіметке өз ұсыныстарын айтты.

Қоныс аударған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға үй құнының 50%-ын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын сомада қаржы беріледі. Бұл қоныс аударушыларға үлкен көмек. Әйтсе де, Үкімет тарапынан салған баспананың сапасыздығына арызданған жандар өте көп, - деп айтты Мәжіліс депутаты өз сауалында.

Ол жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар депутат ауа райы мен қоныс аударушылардың адаптациялық кезеңін ескере отырып, қоныс аударуды тек ерте көктемде жүзеге асырған жөн деп санайды.

Қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық берілу керек. Қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру демографияға серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзерленгені дұрыс, - деді Дәулет Мұқаев.

Депутат қоныс аударған жандардың кәсібін дөңгелетіп кетуге 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керегін ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы