Қазіргі ақпараттық қоғамда әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформалардың дамуына байланысты қағаз түріндегі дәстүрлі басылымдарға деген сұраныс төмендегені жасырын емес. Дегенмен, тарихы тереңде жатқан газет-журналдардың халық үшін атқаратын орны бөлек. Әсіресе аудандық басылымдар – жергілікті жұртшылықтың айнасы, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін жеткізуші, туған жердің шежіресі. BAQ.KZ тілшісі аудандық басылымдардың бүгінгі жай-күйі туралы ҚР Журналистер одағының мүшесі, әлеуметтік ғылымдар магистрі, «Сарыағаш» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Балнұр Ержанқызы Оспановамен сұхбаттасқан еді.
– Балнұр ханым, бүгінде өзіңіз еңбек етіп жүрген аудандық газеттің басты миссиясы қандай?
– Ең алдымен газет ұғымына түсінік беріп өтсек. Газет десе қазіргі жастардың көз алдына көзілдірік киіп алған егде жастағы ата-апалардың шықырлатып үлкен-үлкен қағаз беттерін парақтап отырғаны елестейтіні рас. Орта ғасырда қалып қойған адамдар ғана газет оқитын сияқты болып көрінетінін көбісі жасырмайды. Газет баспасөздің түптамыры десек дәлірек айтқан боламыз. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей газеттің маңызды рөлі сонау қиын-қыстау заманда-ақ айқындалып қойған. Себебі ел тағдырына байланысты кез келген маңызды ақпарат газет беттеріне жарияланып, газет оқу арқылы халық жаңалықтармен таныс болған. Сол үшін газетті жаңалықтың жаршысы деген.
Аудандық газеттің басты миссиясы әрине халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізе алу, елімізде болып жатқан жаңалықтармен бөлісу. Сонымен қатар халықты саясаттағы өзгерістер мен биліктегі ауыс-түйістер, мәдениет пен руханият, өнер, тіл мәселесі, тарих толқыны, спорт саласы сынды көптеген өзекті бастамалармен сусындатып отыру. Газетіміз ауданның басты құндылықтарының бірі десек те болады. Жергілікті әкімдік әрқашан қолдау білдіріп, демеп келеді. Кез келген іс-шараны ресми түрде газет беттерін оқуға болады.
– Оқырмандардың қандай тақырыптарға көбірек қызығушылық танытатынын байқайсыз?
– «Сарыағаш» газеті аудандық болғандықтан мұнда көбіне ауданға қатысты тақырыптар қозғалады. Ел көлеміндегі жаңалықтар да жарияланады. Бірақ жергілікті халық өз ауылы мен жұмыс орнына қатысты ақпараттардың көптеп шыққанын қалайды. Мысалы, спорт мектебінің оқушысы жүлделі орын алып жатса соны жариялап, дүйім жұртқа көрсеткісі келеді. Немесе мектеп, балабақша сынды білім ордалары семинар өткізіп, соны шығартып жатады. Ал ең басты тақырып ауыл шаруашылығы болып тұр. Сарыағаш ауданы облыс көлемінде ғана емес, республика бойынша агросалада алдыңғы қатарда. Жылыжайлар мекені атанған Сарыағаш ауданы жыл бойы елімізді көкөністермен қамтамасыз етіп отырады. Бізде тіпті банан, папайя, киви, лимон мен мандарин өсірілуде. Гектарлап алма, қара өрік, шабдалы ағаштары өседі. Агроиндустрияны қарыштатып жатқан шаруаларға арнайы барып сұхбат алып, жұмыс барысымен танысып қайтамыз. Мұнымен қоса гүл өсіру, құлпынай баптау жақсы қолға алынған. Ал мал шаруашылығы ерекше мақтауға тұрарлық тақырып, құс еті, жұмыртқа шығару барлығы дерлік осы ауданның еншісіндегі өнімдер. Мұнымен шектелмей бидай егу ісі тағы бар. Мал азығы да өзімізден шығады. Міне осындай агросаламызды көптеп жазып, қалың халыққа көрсетіп келеміз.

– Аудандық газет электронды форматқа көшуге қаншалықты бейімделді?
– Қазіргі таңда білікті мамандар аудандық, ауылдық мекемелерде тапшы. Бұл мәселе бізді де айналып өткен жоқ. Газеттің сайтын жасау, оны дамыту, материалдарды үздіксіз салып отыру сынды істерді атқаратын маман тапшылығына байланысты біздің газетіміздің жеке сайты жасақталмаған. Бірақ бұл іс болашақтың еншісінде деп білемін. Оның үстіне газет оқырмандарының көп бөлігін орта жастан асқан кісілер құрағандықтан сайтты көбісі сұрап жатпайды. Бұл әрине бізге жұбаныш емес, айтпағым сұраныс болмаған соң әлі күнге дейін сайт мәселесі жолға қойылған жоқ деп ойлаймын. Негізінде 2023 жылы сайт ашып, біршама жүргіздік, сосын маман тапшылығы бәрібір осал тұстарды көрсетті. Содан бері сайт жұмыс жасап жатқан жоқ. Есесіне газеттің электронды форматын арнайы сілтеме арқылы бөлісе алмасақта PDF форматы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне мақаламызды жөнелте аламыз. Бұл да бір артықшылық. Алайда болашақта республикалық газет-журналдар секілді аудандық газеттер де сайт арқылы жұмыс істейтіні сөзсіз. Тіпті қазір сайт арқылы газеттің PDF форматына жазылуға болады. Бұл болашақтың еншісінде. Білуімше қазіргі кездің өзінде көптеген аудандық газеттердің жеке сайты жұмыс жасауда. Бұл озық технологияларды жетік меңгерген ортаға таптырмас мүмкіндік пен ақпарат ағынын дереу жеткізе алуға берілген үлкен көмек болмақ. Себебі болашақ жаңа технологиялардың ырқында екені айтпаса да белгілі.
– Бүгінгідей ақпарат көп заман туғанда, жергілікті басылымның құны неде деп ойлайсыз?
– «Технология дамыды, газетті кім оқиды» деп жатады. Тіпті осылай деп көзі ашық, білімді азаматтар да талай айтты. Жасырмаймын, жаныңа бататыны рас. «Қағаздың соры, газет кімге керек?» деген сөздерді де естідік. Шындығына келгенде елімізде газетке деген қызығушылық қазіргі жаһандану үрдісіне орай өзінің өзектілігін жоғалтып алып жатыр. Әсіресе 2020 жылдағы дүниежүзілік пандемия кезінде газет-журналдарға деген сұраныс едәуір төмендеп кетті. Халық жаппай онлайн форматқа өткен соң, сол игіліктің шырмауынан пандемия бітсе де шыға алмай қойды. Дамыған елдер әлі күнге дейін газет оқиды, әйтпесе технологияның озық үлгісі соларда емес пе?! Бұл жерде басты мәселе – құндылықта. Адамдар құндылықты қалай бағалайды, соған орай әрекет етеді. Біреуге электронды формат ұнаса, енді біреуге қағаз түріндегі шынайы газет-журнал ыңғайлы. Алайда үміт отын сөндірмеген оқырмандарымыз да баршылық. Көбіне орта жастан асқан кісілер іздеп келеді. Жергілікті басылым әрқашан болған, болады да, болуы да керек. Өйткені адамдардың бәрі бірдей ғаламторды пайдалана бермейді. Жоғарыда айтып өткенімдей, қағаз газетті ұстаған жақсы ма, электронды газетті оқыған ба, бұл шынайы кітап пен электронды кітапты салыстырғанмен тең. Ғалымдар зерттеп қойған жоқ па, қағаз түріндегі басылымды оқыған әлдеқайда пайдалы екенін, солайша ақпараттың сіңімді екенін, енді қалғаны адамның өз таңдауы. Жергілікті басылым көбіне әкімдік тараптан шығатын қаулы мен хабарландыру барысында өте тиімді. Сондай-ақ жергілікті адамдардың өздеріне қатысты мақаланың шығып тұрғаны керек, ал бұл аудандық типтегі газеттердің артықшылығын арттырмаса кемітпейді. Және ең басты артықшылығы, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан жалған ақпараттар газет беттеріне жарияланбайды. Мұндағы кез келген ақпарат тексерілген болады. Бұл барлық деңгейдегі басылымдардың ғаламторға қарағандағы артықшылығы деп білемін.
– Журналист үшін ең үлкен сый – оқырман сенімі. Сіз оқырмандармен қандай сәттерде ерекше жақындықты сезінесіз?
– Біздің жұмыс оқырмандармен тығыз байланыста болуды талап етеді. Мақала жариялауға әртүрлі жастағы адамдар келеді. Олардың бәрімен ортақ тіл табыса білуіміз керек. Егде жастағы кісі келсе сол кісінің жағдайына қарай төселіп, ертеректегі әңгімелерді қозғаймыз, орта жастағы кісі келсе біршама заманауи тақырыптар қозғалады, ал жастар келсе тіптен жасарып кетеміз, өйткені олардың құндылықтары мүлдем бөлек. Ең қызығы осының бәрін толық меңгеріп, барлық жаспен қатар жұмыс істеуге үйренесің. Бұл үлкен тәжірибе алаңы. Журналист – әрі педагог, әрі психолог, әрі әнші, әрі құрылысшы бола білуі керек. Оқырмандардың ерекше ықыласы қанат бітіреді. Сеніп тапсырған мақаласы ойдағыдай шықса жұмысыңа табыс тілеп, алғысын жаудырады. Осыдан асқан бақыт бар ма?! Ал үлкен кісілер ақ батасын беріп, мерейіңді үстем етіп қояды. Олардың бізге сенім артып, ішіндегі ең асыл қазынасы – құпиясы мен өмірлік тәжірибелерімен бөліскені жаныңа жылулық ұялатады. Демек жұмысымды дұрыс атқарып жатырмын деп іштей марқайып қаласың. Алдыңғы жылы облыстан «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары атанған отбасыға арнайы ат басын бұрып, сұхбат алуға бардым. Ата мен апа жарты ғасыр отандасқан, шөбере бағып отырған ақсақал мен ақ жаулықты апамызды көріп тәнті болдым. Сол кісілердің өмірлік жолын тыңдап, атамыздың егін басында жұмыс істеп жүріп кезінде Дінмұхаммед Қонаев атамызбен жолыққанын естідім. Мінекей осындай оқиғаларға куә болу бақыты бұйырып, оқырмандарымның сенімін ақтап келемін.

– Қағаз иісі аңқыған аудандық газетті қолға ұстаған адам үшін бұл – тек жаңалық емес, туған жердің шежіресі. Сіз үшін аудандық газет қандай рухани мағынаға ие?
– Мен мектеп оқушысы кезімде осы газетке келіп сол кездегі бас редактор Кеңес Балықбаевпен танысып, жазғым келетінін айтқанмын. Ол кісі «Қызым, жаз әрине, біз жастарды қолдаймыз» деген болатын. Араға жылдар салып, осы газетке жұмысқа тұру бақыты бұйырған екен. Қазіргі таңда осы басылымның тілші қызметіне тұрғаныма 3 жылдың жүзі болыпты.
Ескілікті аңсағандық емес, бірақ газетті жандандыру керек. Ғасырлық басылым өлмеуі тиіс. Ол үшін жазылым науқаны көптеп насихатталуы шарт. Адамдар саналы түрде газетті өздері іздеп, жазылып жатса төбеміз көкке жетуші еді. Өкінішке орай қазіргі көрініс керісінше болып тұр. Адамдардың руханиятқа деген жанашырлықтарын оятып, зиялылықтың шыңына халықты шығара алсақ, газет парақтаған жұртты көрсек дейміз.
Газеттің тарихы сонау Кеңес Одағына қарай жетелейді. Бір ғасырлық тарихты арқалап келе жатқан басылым әр сарыағаштықтың төрінде тұруы керек деп есептеймін. Тіпті соғыс жылдарында үздіксіз шығып тұрған бұл басылым қазірдің өзінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Кезінде газет екі тілде шығып отырған. Керек десеңіз қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтың өзі мұнда жұмыс істеген екен. Сондай ұлы тұлғалардың ізін жалғап, сол кісілердің жұрнағы болып біздер газеттің көсегесін көгерту үшін атсалысып келеміз. «Өңірлер өркениеті» деген айдармен шалғайда жатқан ауыл-аймақты аралап, газет тарихында болмаған серпілісті де біздер жасадық. Ең негізгі деген мәселелерді қозғап, әкімдіктің ісін саралап, алдағы жоспарлармен халықты хабардар етіп отырдық. Ел мүддесі үшін жұмыс істеп жатқаныңды сезіну үшін ауылды аралап, алыстағы ағайынды іздеп бару керек екен. Сол сәтте еліңнің, жеріңнің шексіздігін, адамдардың еңбекқорлығын, нағыз таланттар тоғысқан ортаны көреді екенсің. «Жас келсе – іске» демекші ел ағаларының сенімін ақтау басты парызымыз. Күш-жігеріміз жеткенше ел қамын күйіттеп отырған биліктің жұмысын көрсетіп, жұмыс барысында өзімізді де шыңдап жатырмыз.
- Сізді жазуға жетелейтін басты күш – қоғам алдындағы парыз ба, әлде жеке ізденіс пе?
- Екеуі де қатар тұрады деп айта аламын. Қоғамдағы түйгенім деп айналамызда болып жатқан іс-әрекеттерді қағаз бетіне түсіріп жатам. Кейде көптен бері мазалап жүрген бір тақырыпты зерделеп, зерттеуге кірісем. Оқырмандар тарапынан ұсыныстар түсіп жатады, оны да жазып, газетке жариялап үлгеру керек. Осы орайда биліктен келіп түсетін арнайы тапсырыстарды да ұмытпаған жөн. Әр жыл сайын арнайы тақырыптар бекітіліп, біздер сол бойынша да жұмыс істейміз. Ол ең алдымен Президенттің жарлықтары, Үкімет, ел көлеміндегі ресми іс-әрекеттер. Сосын өңірдің өмір сүру үрдісіне қарай арнайы тақырыптар қозғалады. Аудан абыройын асқақтатқан түрлі жарыстардың жеңімпаздары, қатысушылары туралы мақалаларды жазып отырамын. Еркін форматтағы кездесулер ұйымдастырылып, әкімнің халық алдындағы есеп беруін жазып, келесі уәде етілген дүниелердің жүзеге асуын жариялап отырамыз. Ауылдағы мектеп, емхана, балабақша, спорт алаңы, мәдениет үйі, жол жөндеу жұмыстары, ауыз су мәселесі, көгілдір отын сынды көптеген мәлелелердің орындалуын газетке шығарып тұрамыз. Көптеген бөлім басшыларынан есептік сұхбаттар аламыз, халықтың көкейінде жүрген сұрақтар қойылып, біраз мәселе сол сұхбат төңірегінде өз шешімін де тауып жатады.
– Жергілікті оқырманға қандай тақырыптар мәңгілік өзектілігін жоғалтпайды деп ойлайсыз?
– Аудандық басылым болған соң көбіне аудандық деңгейдегі ақпараттарды шығарамыз. Ауыл халқына ең басты керек дүниелерге қатысты тақырыптар ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Олар: көшелерге асфальт төсеу, көгілдір отын, электр қуатының әлсіздігі, сапалы ауыз су мәселесі, білім ордасы, емхана, спорт алаңы, мәдениет үйі, шаруалар үшін маусымдық зиянкестерден арылу мәселесі. Әрине ауыл шаруашылығы тақырыбы аудандық, ауылдық оқырмандарға бірінші орында тұрады. Халық қандай субсидия бөлініп жатыр, техника жаңартылды ма, шаруа қожалықтарына осы жылы қандай қолдау болады екен деген сияқты сан түрлі сауалдарына газетіміз арқылы әкімдік тарап бекіткен шынайы ақпаратты ала алады. Ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы қандай жобалар іске асырылуда, оған кімдер қатыса алады, шарттары қандай, баршасы біздің газеттер жарияланып тұрады.
Сондай-ақ, ауданымыз шекаралық аймақ болған соң Ұлттық қауіпсіздік тақырыбы да – басты мәселе. Газетіміз арқылы жолы кесілген қылмыс, шекараның мызғымастығы туралы мақалалар мен ақпараттар шығып тұрады.
Білім саласы да өте өзекті тақырып, біздің ауданға «Келешек мектептері» жобасы аясында 10 мектеп түскелі тұр. Соның құрылысы, салыну процессі барлығы газетіміздің басты беттеріне шығады. Ауданның зиялы қауымдарының халықпен өткізген кездесулері, депутаттардың күрмеуі шешілмеген мәселелерді шешіп беруі сынды тақырыптар халықтың басты назарында.

– Тілші болу – кейде куәгер, кейде халықтың атынан сөйлейтін дауысы болу. Осы жауапкершілікті арқалау сіздің өміріңізді қалай өзгертті?
– Журналистикаға «Қазақ радиосы» арқылы Сауық Жақанова апамды тыңдап келген болатынмын. Ол кісінің дауысы мені журналистикаға жетеледі. Осылайша журналистика мамандығына оқуға түскенмін. Бірақ әлі радиода жұмыс істеп көрген жоқпын, есесіне жаныма жақын газет беттеріне мақала жариялап, өздігімді көрсетіп келем. Мен үшін қажетті ақпаратты қағаз бетіне түсіріп, оқырманның үдесінен шыға алу үлкен мәртебе. «Жазып жатқан дүниелеріңе абай болыңдар, билік пен халық арасындағы алтын көпір бола біліңдер, сендердің бір ауыз теріс сөздеріңнен бүлік шығып кетуі мүмкін, сол себепті нақты, тексерілген ақпаратты ғана жариялаңдар» - деп ұстаздарымыз үйреткені секілді жазып жатқан дүниеме мұқият болуға тырысамын. Бұл жұмыс маған үлкен сынақ алаңы, мен мұнда шыңдаламын, үйренемін де, үйретемін де. Рухани азық алуға таптырмас орта табу үлкен бақыт, сол бақытты абыроймен алып жүру бұйырсын. Жылдар өткен сайын тек жақсы жаққа өзгеріп жатырмын, даму үстіндемін. Жазуымды барынша түрлендіріп, өзгертіп мен ерекше стилдерді сынап көруге тырысамын. «Аудандық газет болашақ алпауыт басылымдарда жұмыс істеу үшін таптырмас сынақ алаңы» - деп ұстазым Есей Жеңісұлы айтып өткендей бұл қадамдарым мен үшін болашаққа төселіп жатқан баспалдақ іспеттес.
Аудандық газет – ауыл халқының тыныс-тіршілігін, қуанышы мен күйінішін, жетістігі мен мәселесін жеткізетін ең жақын ақпарат құралы. Қағаз иісі аңқыған газет парағын парақтау – туған жердің өткенінен сыр шерту, бүгінін тану, болашағына сенім арту. Балнұр Ержанқызы секілді жас тілшілердің табанды еңбегі мен халыққа адал қызметі арқасында дәстүрлі басылымдар өз құндылығын жоғалтпай, уақыт талабына сай жаңарып, дамып келеді. Журналистикаға деген адалдық пен ел алдындағы жауапкершілік – аудандық газеттердің мәңгілік өміршеңдігін қамтамасыз етпек.