Дархан Қыдырәлі: «Ауыл - ел бесігі» жобасы ауыл үшін аса қажет

27 Ақпан 2019, 14:16
3488
Бөлісу:
Дархан Қыдырәлі: «Ауыл - ел бесігі» жобасы ауыл үшін аса қажет

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Халықаралық Түркі академиясының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Президенттің әлеуметтік бастамаларын - мемлекеттің халыққа жасаған айрықша қамқорлығы деп білетінін айтты.

«Азаттықтың арайлы таңынан көшіңіз құйылды, жұртыңыз жиылды. Ойдағы орнап, көңіл жайланды, береке-бірлігі бекем байтағымызға бақыт байланды. Ең бастысы - қазақ болу үлкен мақтанышқа айналды. Қазіргі таңда тағдыршешті тарихи істердің бел ортасында жүрді. Өзегін өзіңіз салып берген үрдіс жалғаса береді деп сенеміз», - деді Дархан Қыдырәлі. 

Дархан Қыдырәлі өз сөзінде ел газеті «Егемен Қазақстан» газетіне ауыл тұрғындарынан көптеген хаттар келетінін айтып өтті. 

«Қарапайым оқырман көбіне шалғайдағы ауылдың жай-күйі мен әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Сондықтан, бүгін әлеуметтің әлеуетін арттыруға қатысты баса айтқан бағдарлы сөзіңіз - халықтың аз қамтылған бөлігін қолдау, табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу, өңірлерді кешенді дамыту туралы тапсырмаңыз көпшіліктің көкейінен шығып, көңіл төрінен орын алды деп ойлаймыз. Бюджет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын көтеру туралы тапсырма тапсырмаңыз миллиондаған азаматтарымызды қуанышқа бөлейді. Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатарының да артуы да маңызды. Бұл - көпбалалы отбасыларға үлкен демеу болары анық», - деді ол. 

«Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы «Бақытты отбасы» жобасы аясында партия Президенттің тапсырмаларын орындауы керектігін атап өтті.

«Сіздің бастамаңызбен қолға алынған «Ауыл - ел бесігі» атты жоба да ауылда тұратын ағайын үшін аса қажетті деп білеміз. «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» өңірлерді дамыту, жолдарды жөндеу, халықты ауыз сумен, көгілдір отынмен  қамтамасыз ету туралы міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосады деп ойлаймыз. Айта кетерлік жайт, мұндай әлеуметтік кешенді қолдау әлемнің дамыған елдерінде кездесе бермейді. Сондықтан, біз мұны - мемлекеттің халыққа жасаған айрықша қамқорлығы деп білеміз», - деді Дархан Қыдырәлі. 

Халықаралық Түркі академиясының төрағасы «Нұр Отан» партиясының қазақ халқының тілін, тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және имандылық қағидаттарын елімізде тұратын барлық этностық топтардың арасында кеңінен насихаттау туралы бастамасы - жастарды патриотизмге тәрбиелеумен бірге, ұлттық бірегейлікті қамтамасыз етеді деп санайтынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада "Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр. BAQ.KZ ақпарат агенттігі съезд барысын LIVE түрінде ұсынды.

Рахила Бекназарқызы

Өзгелердің жаңалығы