Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлерінің жұмыстан кету туралы арызына қол қойылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. БАҚ беттеріне 28 дәрігердің өз еріктерімен жұмыстан босайтындықтары және олардың өз қызметтерін тек 7-қарашаға дейін атқаратындғы туралы ақпарат тараған еді. Алайда бұл ақпаратты облыс әкімідігінің баспасөз қызметі растамады.
"Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұндай ақпаратты таратқан жоқ. Барлық дәрігерлер өз жұмыс орындарында қызмет атқарып атыр. Қазіргі таңда денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті әкімдік тарапынан бұл ақ халаттыларды райынан қайтару үшін барлық жұмыстар атқарылып жатыр", - деді Атырау облыстық әкімдігінің ресми өкілі Дәулет Нығыметов.
Еске сала кетейік, Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы Қуаныш Нысанбаев шақалақты мұздатқышқа салып өлтірді деген күдікпен ұсталғаннан кейін ондағы 31 қызметкер жұмыстан кететіндіктерін мәлімдеген болатын. Қазір олардың үшеуі ғана жазған арыздарын қайтарып алған. Осы оқиғадан кейін денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева да қызметтен босап, осы салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Серік Шәпкенов қатаң сөгіс алған еді.