Түркістанда тамағына кәмпит тұрып қалған 1 жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданында жедел жәрдем қызметкерлері бір жасар сәбиді ажалдан арашалап қалды. Тамағына кәмпит тұрып қалған баланың тынысы тоқтап қалған.
Оқыс оқиға Түйетас ауылында болған. Бәйдібек аудандық жедел жәрдем станциясының №42 бригадасына шұғыл шақырту түскен.
Оқиға орнына жеткен медицина мамандары бір жасар қыз баланың тыныс алу жолына кәмпит тұрып қалып, салдарынан сәбидің дем ала алмай жатқанын анықтаған.
Жағдайдың аса қауіпті екенін түсінген мамандар бір секундты да босқа өткізбей, алғашқы медициналық көмекке кіріскен.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері жағдайдың аса қауіпті екенін бірден түсініп, шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Нәтижесінде баланың тыныс алу жолындағы зат алынып, тынысы қайта қалпына келтірілген. Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дәрігерлер баланың денсаулығын бақылауға алды.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда екі жасар бала шемішкеге қақалып қайтыс болды.