Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте дәрігерлер 4 жасар баланың асқазанынан бір уыс шаш алды.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 9 ақпан күні қалалық клиникалық балалар ауруханасына жедел жәрдеммен 4 жасар қыз жеткізілген.
Дәрігерлер баланың асқазанын ФГДС аппаратымен тексеріп, іште бөгде зат бар екенін анықтады. Бұған қоса, науқаста ауыр дәрежелі қан аздығы болған. Іштегі бөгде затты алу үшін хирургтер операцияның алдында науқасқа қан құйды. Кейіннен отаға дайындап, үшінші тәулікте қыз балаға операция жасалды. Медицина мамандары отаны ашық түрде жасап, 4 жасар қыздың асқазанынан ұзындығы 18 см болатын бір уыс шаш алып шықты, – деді басқармадан.Күрделі отаны қалалық клиникалық балалар ауруханасының білікті мамандары жасаған.
Шаштың көлемі үлкен болғаны соншалық, асқазанның 90 процентін жауып қалған. Соның салдарынан бала дұрыс тамақтана алмай, мазасызданған. Операция сәтті өтті. Қазір қыздың жағдайы жақсы. Ата-аналарға айтарымыз, баланы қараусыз қалдырмаңыздар, – дейді хирург Әкім Түлкібаев.Қыз баланы апта соңында үйіне шығару жоспарлануда.