Дәрігер не себепті 5 жасқа дейін балаға жөтелге қарсы дәрі бермеу керек екенін айтты

27 Қараша 2023, 16:45
1611
Бөлісу:
Дәрігер не себепті 5 жасқа дейін балаға жөтелге қарсы дәрі бермеу керек екенін айтты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Қазір вирустық инфекциялар жаппай таралып жатыр. Әр тұстан күркілдеп, жөтеліп жүрген балаларды көреміз. Осы тұста отбасылық дәрігер Гаухар Жұматқызы қазір көпшілік аналарды алаңдатып отырған дертті емдеуге қатысты кеңестерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, аналар жөтелден қатты қорқады. Дегенмен, жөтел диагноз емес. Оның себебін анықтамай жатып, жөтелді емдей алмаймыз дейді.

Жөтел тек өкпе, бронх, тыныс жолдары ауруларында ғана болмайды. Басқа да аурулар жөтел туындатуы мүмкін. Мәселен гастроэзофагеальды рефлюкс, жүрек аурулары. Тіпті АПФ ингибиторлары, цитостатиктер тәрізді кейбір дәрі жөтел туындатады. Бірақ көп жағдайда ЖРВИ кезінде кездеседі, - деді дәрігер.

Гаухар Жұматқызы жөтел кезінде қандай дәрі-дәрмек ішу керегін айтты. Ол атап өткендей, 5 жасқа дейін балаға жөтелге қарсы сироп беру керек емес. 

Жөтел біздің досымыз. Ол тыныс жолдарында тұрған қақырық, бөгде денені шығару үшін керек. Ойлаңызшы, егер жөтел болмаса, қақырыққа тұншығып қалатын едік. Бірақ бұл ретте 5 жасқа дейін балаға жөтелге қарсы сироп керек емес. Сонымен қатар ЖРВИ кезіндегі жөтелге муколитиктердің тиімділігі дәлелденбеген. Көп жағдайда вирусқа байланысты жөтел кезінде ешқандай дәрі керек емес. Көп сұйықтық ішіп, дренажды массаж жасап, ылғалды ауамен көп тыныстау көмектеседі. Жөтел кезінде сырыл болса, міндетті түрде антибиотикпен емдейтіндер бар. Егер көкжөтел, пневмония, бактериялық ангина т.б. сияқты себебі бактерия болса ғана антибиотик қолдану керек. Жөтелге арналған дәрілер барлығы бірдей әсер етпейді. Бірі қақырық жібітеді (муколитиктер), бірі қақырықты бронх қабырғасынан ажыратып, сыртқа шығарады (қақырық түсіретін), енді бірі жөтел орталығына әсер етеді (жөтелге қарсы).  Жөтел кезінде міндетті түрде ингаляция жасау керек емес. Ларингоспазм және бронх обструкциясы кезінде ингаляция керек, - деп атап өтті маман.

Дәрігер созылмалы жөтел деп 4 аптадан асқан жөтелді атаймыз дейді. ЖРВИ кезінде қалдық жөтел 4 аптаға дейін созылуы мүмкін, егер одан әрі басылмаса себебін іздейміз.

 Ең бірінші қабылдауда инфекцияға байланысы жоқ себепті іздейміз. Ауа құрғақ емес пе соны анықтау қажет. Себебі құрғақ, ыстық ауа жөтел туындатады. Ол жағдайда ауаны ылғалдандыру жеткілікті. Сонымен қатар гастроэзофагеальды рефлюксті де қарастыру қажет. Әдетте балаға ұйқтар алдында сүт, айран беріп жатады. Ал осы тамақты қорыту үшін асқазаннан қышқыл көп бөлінеді. Бала жатқан кезде осы қышқыл өңешке, тыныс жолдарына өтіп кілегей қабатты тітіркендіріп, жөтел туындатады. Бұл мұрынға өтсе, созылмалы мұрын ағу, ринитке жалғасуы мүмкін. Сондықтан бала бөлмесі ылғалды, қоңыр салқын болуы керек. Бұдан бөлек жатар кезде баланы тамаққа тойғызбау керек, - деді ол.

Маман тыныс жолдарының инфекциялық ауруларына байланысты туындайтын созылмалы жөтел туралы айтты. Сөзінше, егер 4 аптадан асқан ылғалды жөтел болса, осы тыныс жолдары ауруы болуы әбден мүмкін.

Ондай жағдайда: ️Рентгенге түсіріп, қан тапсырып, 6 жастан асқан балаларға спирометрия жүргізіп көру керек. 4 аптадан асқан ылғалды жөтел себебі астма және созылмалы бактериялық бронхит болуы мүмкін. Астма балаларда сирек кездеседі, оны анықтау үшін спирометрия өту керек. Созылмалы бактериялық бронхит кезінде ылғалды жөтел болады, басқа шағым сирек айтылады. Қан талдауында, рентгенограммада айтарлықтай өзгеріс болмайды. Қысқа курсты антибиотиктер әсер етпейді. Егер осы диагноз қойылса, 2 апталық антибиотик ішу керек. Соңғы уақытта көкжөтел де кездесіп жүр. Негізгі белгісі репризбен, баланы қинайтын, соңында құсуға әкелетін жөтел. Бірақ екпе алған балаларда жөтел жеңіл болуы мүмкін. Бұған күдік болса, ИФА анализ тапсыру қажет, - деп түйіндеді Гаухар Жұматқызы.

Өзгелердің жаңалығы