Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Дәрігер: Глаукома – көру қабілетіне төнген үнсіз қауіп

11 Маусым 2025, 15:45
992
Бөлісу:
 ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі
Фото: ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

Көз – жанның айнасы. Ал сол жанардың саулығын сақтау – үлкен жауапкершілік пен терең білімді қажет ететін міндет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көз жанарын қалай күту керек? Офтальмология саласы қалай дамып жатыр? Глаукома мен өзге де көз ауруларының ерекшеліктері қандай? Оны емдеудің қандай заманауи әдістері бар? Отандық офтальмохирургия саласы қалай дамуда? Осы және өзге де сұрақтарды көз жанарын емдеуде кәсіби біліктілігімен, жоғары адамгершілік қасиетімен танылып жүрген дәрігерлердің бірі – ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасының бас офтальмологі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Мадина Құрманғалиеваға қойдық.

Дәрігер: Глаукома – көру қабілетіне төнген үнсіз қауіп
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Мадина Маратқызы, офтальмохирургия саласына қалай келгеніңіз туралы айтып беріңізші. Мұндай жолды таңдауға не әсер етті?

- Медицина саласын, оның ішінде офтальмология бағытын таңдауыма ең алдымен анамның әсері зор болды. Менің анам – Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, офтальмология саласында үлкен абырой-беделге ие тұлға, ұзақ жылдар бойы еліміздің офтальмологиялық қызметін басқарған белгілі маман, профессор Мұстафина Жанар Ғабиденқызы. Бала күнімнен анамның жұмысына қызығып, оның пациенттерге деген қамқорлығын, ыждағаттылығын көріп өстім.

Уақыт өте келе офтальмология саласында анам бар ғұмырын арнаған ең күрделі әрі жауапты бағыттардың бірі – глаукомамен айналысу менің де кәсіби бағытыма айналды. Бұл ауруды тереңірек зерттеп, осы бағытта жұмыс істеу арқылы мен анамның ісін жалғастырып қана қоймай, өз жолымды тауып, өз ісін сүйетін, науқастарына көмектесуге шын ықыласы бар дәрігер атандым.

Дәрігер: Глаукома – көру қабілетіне төнген үнсіз қауіп
Фото: ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

- Глаукома қандай ауру және ол қандай қауіп тудырады?

- Глаукома – елімізде ғана емес, бүкіл әлемде көру қабілетінің қайтымсыз төмендеуіне алып келетін басты себептердің бірі болып отыр. Жыл сайын наурыз айының басында Дүниежүзілік глаукома апталығы өткізіледі.

Қазақта "суқараңғы" деп аталып кеткен дерттің ең қиын тұсы – ұзақ уақыт бойы ешқандай белгісі байқалмайды. Десе де, салдары өте ауыр, ақырында соқырлыққа әкелуі мүмкін. Алайда заманауи технологиялардың арқасында глаукоманы диагностикалау бүгінде оптикалық томографтар, компьютерлік периметрлер сынды құрылғыларды қолдану арқылы жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді.

Глаукоманы емдеу көзішілік қысымды мақсатты деңгейге жеткізу үшін әрқашан аурудың түрі мен сатысын ескере отырып, жекелей таңдалуға тиіс.

- Глаукомадан басқа көру қабілетінің нашарлауына немесе тіпті соқырлыққа әкелетін қандай дерт түрлері бар?

- Көру қабілетінің төмендеуіне себеп болатын кең таралған көз ауруларының бірі – катаракта. Бұл дерт кезінде көз бұршағы бұлыңғырланып, адамның айналасындағы заттарды анық көруі қиындай түседі. Катаракта көбіне қарт адамдарда кездескенімен, кез келген жаста байқалуы мүмкін.

Бүгінде катаракта хирургиясы орасан зор жетістікке жетіп отыр. Заманауи медициналық технологиялардың дамуы арқасында көру қабілетін қалпына келтіріп қана қоймай, науқастарды көзілдірікке тәуелділіктен толықтай арылтуға мүмкіндік туды. Бұған жоғары сапалы, көпфункционалды жасанды көз бұршағы үлгілерін (интраокулярлы линзалар) пайдалану арқылы қол жеткіздік. Бұл линзалар науқастың көру ақауына, өмір салты мен жасына қарай жеке таңдалады.

Қазіргі таңда кеңінен қолданылатын катаракта отасының түрі – факоэмульсификация деп аталады. Бұл әдіс тігіссіз, аз инвазиялы жолмен жүзеге асады, яғни тілік өте кішкентай болып, отадан кейінгі жазылу кезеңі жылдам әрі жеңіл өтеді. Офтальмолог мамандар катарактаны дер кезінде анықтап, емдеуді ертерек бастаудың маңызын ерекше атап өтеді. Себебі уақытында жасалған ем – аурудың асқынуынан сақтап, операцияның нәтижелі болуына ықпал етеді.

Дәрігер: Глаукома – көру қабілетіне төнген үнсіз қауіп
Фото: ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

- Көз ауруларының жиілеуі мен адамның жасы ұлғаюы арасында қандай да бір байланыс бар ма?

- Қазіргі таңда орташа өмір сүру ұзақтығының артуымен қатар, жасқа байланысты пайда болатын созылмалы аурулар да жиілей түсті. Солардың ішінде көру қабілетіне тікелей әсер ететін және егде жаста жиі кездесетін аурулардың бірі – жасқа байланысты макулодистрофия.

Қазіргі медицинаның дамуымен бұл дертті емдеуде тиімді тәсілдер енгізілді. Соның ішінде ең белсенді қолданылып жүрген әдістердің бірі –торқабықта ісік пен қан құйылуды тудыратын тамырларды бөгейтін, осылайша оның жағдайын тұрақтандыратын арнайы дәрілік заттарды енгізу. Бірақ мұндай препараттар өздігінен көру қабілетін жақсартпайтынын айта кеткен жөн. Ем оң нәтиже беруі үшін дер кезінде, аурудың алғашқы кезеңдерінде басталуы аса маңызды.

- Жасөспірімдер арасында қандай көз аурулары жиі кездеседі?

- Жасөсіпірімдер компьютер мен гаджеттерді ұзақ уақыт пайдаланатындықтан, алыстан көрмеу, яғни миопия жиі байқалады. Сондықтан көзге түсетін күшті мөлшерлеп шектеу қажет. Сонымен қатар қимыл-қозғалысты және құнарлы, пайдалы тағамды үйлестіру қажет. Көзілдірік тағу немесе лазерлік түзету (20 жастан кейін) – көруді жақсарту әдісі ғана, ол миопиядан толық айықтырмайды. Ең маңыздысы – көзді демалдырып, ұйқы толыққанды болғаны абзал, бұл бүкіл ағза үшін де қажет.

Жалпы, офтальмологияда "ғажайып дәрі" жоқ. Көз ауруларының көбіне өмір салтын, тамақтану тәртібін, қоршаған ортаны өзгерту оң әсер етеді (мысалы, қант диабеті, гипертония, құрғақ көз синдромы кезінде). Алайда, өкінішке қарай, көптеген пациент өзін немесе өмір салтын өзгерткісі келмейді. Ал онсыз дәрігерлерге қайта-қайта жүгінуге тура келеді, әрі бұл әрдайым оң нәтиже бере бермейді.

- Пациенттерге көз саулығын сақтау үшін операцияға дейін және кейін қандай кеңес бересіз?

- Офтальмологиялық хирургияда операцияның сәтті өтуі көптеген факторларға байланысты болса да, олардың ішінде ең маңыздысы – науқастың алдын ала дұрыс дайындалығы. Отаға дейінгі кезеңде қанның жалпы көрсеткіштерін, яғни гемоглобин деңгейін, қант мөлшерін, ұйығыштығын қалыпқа келтіру және артериялық қысымның тұрақтылығын қамтамасыз ету – көзге жасалатын кез келген хирургиялық араласудың қауіпсіз әрі нәтижелі өтуіне ықпал етеді. Бұл дәрігердің ота барысында да, кейінгі асқынулардың алдын алуда да сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Операциядан кейінгі қалпына келу кезеңінде де тәртіп пен жауапкершілік өте маңызды. Науқас офтальмохирург ұсынған барлық кеңестерді мұқият орындауы тиіс: көзге тағайындалған тамшыларды уақытылы және дұрыс мөлшерде тамызу, көзіне физикалық күш салмау, еңкеймеу, ауыр зат көтермеу, шаң-тозаң мен күн көзінен сақтау – көздің тез әрі толық жазылып кетуіне тікелей әсер ететін қарапайым, бірақ маңызды ережелер.

Яғни ота тек дәрігердің шеберлігімен ғана емес, науқастың дайындығы мен кейінгі күтімге деген жауапкершілігі арқылы да сәтті өтеді. Бұл – екіжақты күшті қажет ететін процесс.

- Өзіңіз қызмет ететін ауруханада офтальмологиялық ауруларды емдеуде қандай озық тәсілдер қолданылады?

- ҚР ПІБ МО ауруханасында катаракта, глаукома, көздің торқабық пен шыны тәрізді денесіне қатысты заманауи операциялар (витреоретиналды хирургия) сәтті енгізіліп, жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ көздің тор қабығына жасалатын лазерлік оталар да табысты жүргізіліп жүр. Бөлім мен операциялық блоктың заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуы хирургиялық емнің қауіпсіздігі мен жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Ал клиниканың көпсалалы құрылымы күрделі жағдайларда қатар жүретін аурулар бойынша өзге профильдегі мамандардың кеңесіне жүгінуге мүмкіндік береді.

Маған еліміздің түрлі өңірлерінен, тіпті шетелден де науқастар жиі келіп, кеңес алып, емделіп жатады. Өзім Қазақстандағы глаукома бойынша сараптамалық кеңестің мүшесімін. Тіпті бір елдің елшісіне ота жасауға да тура келген кездер болды. Дегенмен мен үшін ең үлкен жауапкершілік – анамның әріптестері, аға буындағы танымал дәрігерлер мен олардың достарына ота жасау. Мұндай сәттерде олардың операциядан кейін көру қабілетінің жақсарғанын, өмір сапасының артқанын көріп, кәсіби және адами тұрғыдан ерекше қуаныш сезінемін.

Осы орайда төл мерекеміз қарсаңында барша медицина қызметкерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз еленіп, өмірлеріңіз мағына мен қуанышқа толы болсын. Дендеріңіз сау, осындай күрделі жолда абырой биігінен көре беріңіздер!

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы