Әлемде аса көп таралған аурулардың бірі саналатын қант диабетімен бүгінде еліміз де күресіп келеді. Медицинада дерттің ең асқынған кезінде науқас шалдығатын "диабеттік табан" синдромы деген түсінік бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР ПІБ МО ауруханасында Қантамыр хирургиясы бөлімінің жанынан ашылған Диабеттік табан орталығы былтыр қаңтар айынан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда стационарлық бөлім және заманауи ангиографиялы операциялық бөлме бар, сонымен қатар пациенттерге амбулаториялық-консультациялық қызмет көрсетіледі.
Осы орайда Қантамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Абылай Сейітқалиевпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Білікті маман өз сұхбатында «диабеттік табан» синдромы туралы егжей-тегжейлі баяндап, орталық жұмысына тоқталып өтті.
- "Диабеттік табан" синдромы дегеніміз не? Ол қаншалықты жиі кездеседі?
- "Диабеттік табан" дегеніміз - қант диабетіне шалдыққан науқастардың дерті асқынған кезде пайда болатын симптомдар кешені. Өте қауіпті ауру. Дер кезінде емделмесе аяқты кесіп тастап, мүгедек болып қалу қаупі жоғары.
Мұндай сырқатқа шалдыққан науқастар біздің көмегімізге жиі жүгінеді. Былтыр «диабеттік табан» синдромы бар 150 пациентті емдеп шықтық.
- Ол неден туындайды? Алдын алуға бола ма?
- Ол қант диабеті асқынған кезде туындайды. Яғни ауыр жағдайларда аяқтағы қантамырларға зақым келіп, осындай бұзылыстарға алып келеді.
Қант диабетіне шалдыққан науқастың бәрі жылына бір рет аяқ қантамырларының УДЗ тексерісі мен толық медициналық тексерістен өтіп, қантамыр хирургі, эндокринолог, неврапатологтің және сол сияқты мамандардың қабылдауында болуы керек. Яғни қандағы қант деңгейін бақылап, жыл сайын мамандарға тексерілгені абзал.
- Адам қандай белгілерді байқаған кезде дәрігердің көмегіне жүгіну керек?
- "Диабеттік табан" синдромының негізгі симптомдарына табанның үнемі тоңып, салқын болып жүруі, оны сезбеу, сондай-ақ жүрген кезде бұлшықеттердің ауыруы жатады. Күрделі сатысында трофикалық бұзылыстар, ұзақ уақыт жазылмай жүретін жаралар пайда болады. Мұндай кезде міндетті түрде қантамыр хирургіне көріну керек.
- "Диабеттік табан" синдромы бар науқастарға ерекше операциялар жасалатынын білеміз. Соның бірін айтып өтсеңіз...
- Иә, біздің қабылдауымызға түрлі жағдайдағы пациенттер келеді. Біреулері дертін асқындырып алған болуы да мүмкін. Соның біріне тоқталып өтсем, науқас бізге келмес бұрын Астанадағы түрлі клиникаға барған, ешқайсысы қабылдамаған. Оның қосымша сырқаттары болғандықтан, бәрі операцияны көтере алмайды деп қорыққан.
Мұндай күрделі науқастар көп кездеспейтіндіктен операция да сирек жасалады. Біз сол жақ аяғының ауыр ишемиясы бар науқасқа күрделі операция жасадық. Оның аяғын кесіп алып тастау қаупі жоғары болды.
Пациенттің қосымша басқа да сырқаттары, оның ішінде созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, тыныс жеткіліксіздігі, инсульт салдарынан болған жүректің ишемиялық ауруы жағдайды одан бетер қиындатып жіберді.
Осының бәрін ескере отырып, бізге дұрыс әдісті таңдау маңызды болды. Біз гибридті операция әдісін таңдадық.
Бірінші кезекте мықын артериясын стенттедік, екіншіден, оң жақтан солға қарай сан маңын айқас шунттау жасадық, үшінші ретте сол жақтан сан-тізеасты аймағын шунттау жүргіздік. Осылайша, бір уақытта үш бірдей операция жасадық.
Ота жасау бес сағатқа созылды. Бригадада 4 хирург, анестезиолог-дәрігер, медбике болды. Осы ретте анестезиолог дәрігердің еңбегін атап өткен жөн. Себебі науқастың жағдайы ауыр болғандықтан анестезияның түрін дұрыс таңдау маңызды болатын. Біз жергілікті анестезия жасадық, пациент есін біліп жатты, бірақ аяғын сезген жоқ. Осындай анестезияның арқасында операция да өте жақсы өтті деп ойлаймын. Бұл – командалық жұмыс.
- ҚР ПІБ МО ауруханасының "Диабеттік табан" орталығының жұмысына тоқталып өтсеңіз...
- "Диабеттік табан" орталығында стационарлық бөлім және заманауи ангиографиялы операциялық бөлме бар, сонымен қатар пациенттерге амбулаториялық-консультациялық қызмет көрсетіледі.
Орталықтың негізгі қызметі – аяқ артерияларының созылмалы ауруы бар адамдардың аяғын ампутациялаудан сақтау. Бүгінге дейін бұл орталықтан 300-ден астам пациент ем алып шықты.
Мұнда диабеттік табан синдромы бар пациенттерді емдеудің кешенді тәсілі жүзеге асырылады. Бір пациентті емдеу үшін қантамыр хирургі, эндокринолог, кардиолог, невропатолог, хирург, травматолог-комбустиолог, рентгенолог-мамандар жұмыла жұмыс істейді. Яғни пациенттер қажетті медициналық көмектің бәрін емдеуші дәрігердің бақылауымен бір жерде алады.
Сондай-ақ "Диабеттік табан" орталығына халықаралық дәрежедегі дәрігерлер келіп, ота жасап, тәжірибесін бөлісіп тұрады. Атап айтар болсақ, Түркия мен Ресей Федерациясының білікті дәрігерлері келіп, орталық мамандарына аяқ артериясының эндоваскулярлық атерэктомиясы бойынша 3 шеберлік сағатын өткізді. Бұл – Аурухана дәрігерлердің білімін толықтырып, біліктілігін арттыру үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар.
- Сұхбатыңызға рахмет!