Дана Нұржігіт вакцина салу мәселесіне қатысты ойын білдірді

11 Маусым 2020, 18:18
2797
Бөлісу:
Дана Нұржігіт вакцина салу мәселесіне қатысты ойын білдірді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Міндетті және ерікті вакцина деген ұғым бар. Осының аражігін ажырату үшін насихат жұмысы керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт айтты.

Оның айтуынша, вакцина салу - өте күрделі мәселе. Бірақ "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы жаңа заң жобасында ешқандай мәжбүрлеу жоқ екен. 

Міндетті және ерікті вакцина деген ұғым бар. Перзентханадан бастап балаларға қойылатын профилактикалық күнтізбеде көрсетілген 11 екпе бар, оған қосымша 3 ерікті вакцина бар. Осының аражігін ажырату үшін насихат жұмысы, оқу, ағартушылық жұмысы дұрыс жолға қойылуы керек. Бұл жерде тағы бір проблеманың ұшы көрінеді, яғни, салалық журналистика. Дәл осы медицина тақырыбында жазып жүрген мықты журналистер көбеюі керек. Қоғам мен осы сала арасындағы дәнекер мықты болса, мұндай екіұшты әңгімелер, дау туындамайды деп ойлаймын, - дейді депутат. 

Сонымен қатар ол ұжымдық қауіпсіздік жайлы да өз ойын білдірді.

Мысалы, алысқа барудың қажеті жоқ. Бізге қазір медицина қызметкерлері маска тағыңыздар деп айтып жатыр. Бәріміз жаппай маска тағатын болсақ, бұл ұжымдық қауіпсіздік. Егер 50 пайызы маска тақпайтын болса, олардың ішінде иммунитеті төмен азаматтар бірінші болып індетке шалдығады. Екпе жасау, жасамауда бүгінгі коронавирустық жағдаймен салыстырар болсақ, ұжымдық қауіпсіздік деген осы. Егер қоғамның 90-95%-ы екпе алатын болса, біздің ұжымдық иммунитетіміз көтеріледі, - дейді ол.

Еске салсақ, бүгін Сенат отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы заң жобасы қаралып, ҚР Денсаулық сақтау министрінің баяндамасы тыңдалды.

Өзгелердің жаңалығы