Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Дана Нұржігіт ел жастарының әскери-патриоттық тәрбиесіне алаңдап, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады.
Жақында халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелері ұлттық әскери-патриоттық орталықта көшпелі отырыс өткізді. Онда патриоттық көкпардың және Жас сарбаз республикалық қоғамдық қозғалыстың әскери-патриоттық тәрбие жұмысының жүргізілуі талқыланды. Бүгінгі күні әскери-патриоттық тәрбие жұмысын заң жүзінде Қорғаныс министрлігі ғана жүргізіп отыр. Бұл мәселе басқа меморганның бірде-біреуіне міндеттелмеген, - деді ол.
Айтуынша, әсери-патриоттық тәрбие – жалпы бала тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Патриоттық тәрбие жалпыға ортақ мемлекеттік іс болса, бұл мәселе заңдық негізде барлық мемлекеттік органға міндеттелуі тиіс.
Бүгінде патриоттық тәрбие беру жүйесінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесі, рөлі, орны, мақсаты және патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізетін үйлестіруші органның құрылуы заңнамалық тұрғыда айқындалмаған. Әрбір мемлекеттік органның, ведомстваның, ұйымның қызметтерінің бір тармағы патриоттық тәрбиеге бағытталуы тиіс екені көрсетілмеген. Бұл мәселенің заң бойынша реттелмеуі қоғамдық ұйымдардың, патриоттық клубтардың материалды-техникалық базасына да әсер етіп отыр, - деп түсіндірді Дана Нұржігіт.
Осы ретте депутаттар ұлттық патриоттық тәрбиенің құқықтық ұйымдастырушылық негіздерін бекіту, патриоттық салада қызмет етіп жүрген ұйымдарды ынталандыру жүйелерін қарастыру, жұмысты жүргізетін ведомствоаралық үйлестіруші орган құру. Сондай-ақ осы ұсыныстарды жүзеге асыруға негіз болатын жеке заң әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.