Орта мемлекеттердің рөлін қайта қарастыру керек. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Астана халықаралық форумында айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Әшімбаев әлемдік тәртіптің парадигмасы өзгерген кезеңдегі «орта» мемлекеттердің рөлі жөнінде мәлімдеді.
Теңдік, диалог, инклюзия, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттарына негізделген халықаралық ынтымақтастықтың жаңа парадигмасы қажет. Мұндай жаңа жағдайда орта елдер негізгі рөлдердің бірін атқаруға тиіс. Тек ірі державалардың қарым-қатынасы төңірегінде қалыптасқан халықаралық жүйеден арылудың маңызы зор. Қазіргі таңда желілік принцип бойынша құрылған институттар тиімді. Осы тәжірибені халықаралық институттарға да енгізуге болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы халықаралық деңгейде диалог және инклюзивті даму мәдениетін дәріптеудің перспективалық бағыттарына назар аударды. Сол арқылы белсенді орта мемлекеттер үшін өз мүмкіндіктерін іске асыруына жол ашылады.
Біріншіден, бітімгершілік бастамаларды дәріптеу және мұқтаж елдерге немесе белгілі бір әлеуметтік топтарға гуманитарлық көмек көрсету. Екіншіден, негізгі халықаралық институттардан тыс жағдайда ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту. Үшіншіден, бүгінгі таңда бүкіл ел бетпе-бет келіп отырған өзекті экологиялық, әлеуметтік, гуманитарлық және өзге де проблемаларды талқылауға бастамашылық жасау. Сонымен бірге ресурстарды ғылыми зерттеулерге, адамзаттың болашағы үшін маңызды салалардағы жобаларға бағыттаудың мәні зор. Оның ішінде медицина, биохимия, жасыл технология және тағы басқа бағыттарды атап өтуге болады, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.