Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқиға орнында жедел штаб құрылды, үйіндіні ашу жұмыстары жалғастырылуда.
Халыққа психологиялық көмек беру және ақпараттық қолдау үшін қауырт желі телефоны қосылды 8-7172-24-51-71 и 8-7172-24-51-47. Оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы мен Медициналық-психологиялық қызмет басқармасының психологтары жұмыс жүргізуде. Қала әкімдігі және ТЖ департаменті адамдар тоңып қалмас үшін КУНГ-көлігі мен автобус жіберді. Сонымен қатар жедел-медициналық көмек бригадасы 30 адамды қарап жатыр. 3 автокөлікке зиян келтірілді, - делінген ТЖМ хабарламасында.
Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД (36 қызметкер және 9 бірлік техника), Жедел-құтқару жасағының (10 құтқарушы, оның ішінде 1 кинологиялық есеп және 2 бірлік техника), Апаттар медицинасы орталығының (4 қызметкер және 1 бірлік техника) күштері мен құралдары, Жедел-медициналық жәрдем бригадасы (63 қызметкер және 21 бірлік техника) жұмыс жасауда.
Еске сала кетейік, 2020 жылғы 21 қарашада сағат 12.25-те Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағын ауданындағы дәмхана ретінде қайта жабдықталған коттеджде газ баллон жарылғаны туралы хабарлама түскен болатын. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген бойда үй-жайдың ішінде бір адам және 15 газ баллон бар екені анықталған еді. Жарылыс салдарынан ас үйдің шатыры құлаған. Құтқарушылар 15 баллонды алып шығып, бір адамды құтқарды. Алдын ала мәліметтер бойынша бір адам оқиға орнында көз жұмды. Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12.58-де сөндірілді.