"Далаға ағып жатқан судың есебі жоқ". Депутат суды қайта пайдалануды ұсынды

20 Желтоқсан 2023, 11:07
591
Бөлісу:
"Далаға ағып жатқан судың есебі жоқ". Депутат суды қайта пайдалануды ұсынды
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутат Ернұр Бейсенбаев суды қайта пайдалану мәселесін көтеріп, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүкіл әлемде біздің климатқа сай келетін Араб елдерінің көбінде суды қайта өңдеу 100 пайызға дейін жетілген. Сонымен бірге көптеген Еуропаның елінде 80-90%-ға дейін, ал біздің елімізде ол көрсеткіш 2,5% ғана. Суды пайдаланушылардың ең көбі аграрлық сектор болса, екінші орында өндірістегі азаматтар. Енді болашақта өндірісті ұлғайтатын болсақ, олардың да суды пайдалану көлемі екі есеге көбейеді, - деді депутат.

Ернұр Бейсенбаев өнеркәсіпті суды қайта пайдалануға міндеттеу керегін ұсынды.

Меніңше, өнеркәсіпті суды қайта падалануға міндеттеу керек сияқты. Бұл өте маңызды сұрақтардың бірі. Қар, су, ерінді, жауын-шашын суларын пайдалану мәселелерін көтермейтін болсақ, Мемлекет басшысы айтқандай, 2040 жылға қарай елімізде 15 млрд текше метр су жетіспейтін болады. Бұл өте ауыр сан. Расында да Арал теңізіне пара пар цифр. Бұл мәселені қалай пысықтаймыз? Ол бойынша түсінік бар ма? Израиль, Сингапурда да суды қайта пайдаланады. Ал бізде қайта пайдалану мүлдем жоқ. Жалпы далаға ағып жатқан судың есебі жоқ, - деп сұрақ қойды Мәжіліс депутаты.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл ведомство алдына қойылған міндет екенін атап өтті.

Өнеркәсіп саласында бүгінгі күні жылына 5,9 текше шақырым суды пайдаланады. Соның жылда өзіне қосымша алатын 1,2 текше метр шақырымы 6,8%-ды құрап отыр. Өнеркәсіп мекемелері алған судың 75%-ын су нысандарына қайтарып жатыр. Ал коммуналдық-шаруашылық мақсатында пайдаланып жатқан 1,3 текше шақырым су бүгінгі күні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан 68 қалада кәріз су жүйелеріне тиісті ғимараттарды соғу үшін жұмыс жүргізіп жатыр, - деп айтты министр.

Ведомство басшысы 1 текше шақырым суды қайта айналымға қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Нұржігітовтің сөзінше, бүгінгі күні Су Кодексіне жаңа норма енгізіліп жатыр.

2030 жылға дейін өнеркәсіп мекемелерін, жеке кәсіпкерлерді техникалық жағдайына қарай суды қайта пайдалану мәселесін шешуді міндеттемекпіз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы