Дағдарыс: BlackRock жеке несиелерді есептен шығара бастады

АҚШ-тағы жеке несиелеу нарығындағы қиындықтар күшейіп келеді.

 shutterstock.com Бүгiн 2026, 10:18
Бүгiн 2026, 10:18
121
Фото: shutterstock.com

АҚШ-тағы жеке несиелеу секторындағы проблемалар күшейіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Bloomberg таратқан мәліметке сәйкес, BlackRock компаниясы төртінші тоқсанға арналған есебінде Amazon платформасында жұмыс істейтін онлайн-сатушыларды сатып алып біріктіретін Infinite Commerce Holdings компаниясына берілген 25 млн доллар көлеміндегі несиені есептен шығарғанын мәлімдеді.

Бұл сома аса ірі болмаса да, соңғы уақытта BlackRock-тың жеке несиелеу бөлімшесінде осындай күтпеген есептен шығару екінші рет болып отыр. Бұл саладағы негізгі мәселенің бірін – өтімділігі төмен несиелердің бағалануы мен қарыз алушылардың қаржылық жағдайының нашарлауы арасындағы алшақтықты көрсетеді. Бұған дейін қараша айында BlackRock үйді жөндеу және абаттандырумен айналысатын, қиындыққа тап болған Renovo Home Partners компаниясына берілген несиелердің жалпы құнын да күрт төмендеткен еді.

Төртінші тоқсан есебіне сәйкес, BlackRock SellerX компаниясындағы үлесінің бір бөлігін де есептен шығарған. Компанияның түсіндіруінше, портфельдегі активтер бағасының төмендеуінің 91 пайызы 2021 жылы немесе одан бұрын жасалған мәмілелерге байланысты. Олар «пайыздық мөлшерлемелердің тұрақты өсуі» салдарынан тиімсіз болып қалған.

Бұл қадамдар көлемі 1,8 трлн долларды құрайтын жеке несиелеу нарығында дефолттар мен андеррайтинг стандарттарына қатысты алаңдаушылықтың күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Саладағы ірі ставкалар бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлейтін компанияларға бағытталған еді, алайда оларға жасанды интеллект тарапынан қауіп төніп отыр. Соның салдарынан алаңдаған инвесторлар үлестерін кері сатып алу туралы бұрын-соңды болмаған талаптар қоя бастаған.

Apollo Global Management Inc. компаниясының бас директоры Марк Роуэн жеке несиелеу саласында алда ауқымды қайта құрылымдау болуы мүмкін екенін ескертті. Ал UBS Group AG сарапшылары өткен аптада АҚШ-тағы жеке несиелеу нарығында төлемей қалу деңгейі 15 пайызға дейін жетуі ықтимал екенін есептеген.

Наверх