«Қазгидромет» РМК 14 ақпан, сенбі күніне арналған ауа райы болжамын жариялады. Елдің басым бөлігінде қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елдің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында ауа райы күрт құбылмақ.
Түркістан облысы мен Шымкентте жаңбыр мен қар жауып, таулы аймақтарда жауын-шашын мөлшері нормадан асуы мүмкін. Жолдарда көктайғақ болып, тұман түседі.
Алматы мен Қонаевта тұман түсіп, көктайғақ күтіледі. Алматы облысының таулы аудандарында қалың қар жауады деп болжануда.
Жетісу облысында жолдардағы тайғақтан бөлек, Алакөл маңында желдің жылдамдығы 25 м/с-қа дейін күшейеді.
Батыс аймақтарда тұманмен қатар шаңды дауылдар байқалады.
Атырау облысында шаңды боран соғып, желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді.
Ақтөбе облысының Мугалжар ауданында жаяу бұрқасын күтіледі.
Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында қою тұман түсіп, көріну мүмкіндігі шектеледі.
Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавлда 20 м/с жылдамдықпен екпінді жел соғады деп болжануда.