Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2016 жылдың 5 маусымы күні Ақтөбеде болған терактіде қаза болған әскерилерді еске алды. Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"2016 жылдың 5 маусымы – еліміздің тарихында қайғылы күн ретінде есте қалады. Осыдан тура 3 жыл бұрын бейбіт елдің аспанында оқ атылды, жазықсыз жандар жапа шекті. Ақтөбедегі теракт тұрғындардың тыныштығын бұзды. Теріс діни ағымның жетегіне ерген лаңкестік топтың мүшелері қаладағы екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Олардың қолынан 4 бейбіт тұрғын мен 3 әскери қызметкер қаза тапты:
Андрей Максименко,
Николай Онищенко,
Мерхан Тәжібаев,
Михаил Матросов,
Досбол Сапар,
Даниэль Майлыбаев,
Берік Қалиев", - деді министр өз жазбасында.
Министр терактінің қалай болғанына да тоқталды.
"Құқық қорғаушылар мен арнайы органның қызметкерлері бірқатар лаңкестің көзін жойды. Қолға түскен 7 адам өмір бойы бас бостандықтарынан айырылды, екеуі 20 және 22 жылға сотталды. Жоғары технологиялар қарқынды дамыған бүгінгі кезеңде, кейде ең маңызды дүниелерді де естен шығарып алып жатамыз. Бейбіт күннің жазықсыз құрбандары мен бейбіт елдің батырларының есімін естен шығармау бәріміздің парызымыз деп ойлаймын", - деп жазды ол.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев Отан тыныштығы үшін шейіт болған азаматтардың ешқайсысы да еш уақытта ұмытылмайтынын атап өтті.
"Күллі мұсылмандар қауымы үшін қасиетті саналатын осы айда, Ақтөбедегі теракт кезінде қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына біз де ортақ екенімізді айтқым келеді. Алла сіздерге сабыр берсін, еңселеріңізді түсірмеңіздер, бекем болыңыздар. Сіздердің әкелеріңіз бен ағаларыңыздың, ұлдарыңыздың есімі ешқашан ұмытылмайды", - деді Дәурен Абаев.