Дәурен Абаев: Дәрігердің қабылдауында кезек күту екі есе азайды

19 Ақпан 2019, 11:32
2922
Бөлісу:
Дәурен Абаев: Дәрігердің қабылдауында кезек күту екі есе азайды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының «Цифрлық мемлекетке көшу» бағыты аясында жүргізіліп жатқан шараларды атады.

«Бүгінгі таңда білім беру саласының барлық деңгейі цифрландырумен қамтылған. Мектепке дейін білім беретін ұйымдардың 64% электрондық түрде өтініштер қабылдайды. Ал мектептердің 94% оқушылары электрондық күнделіктер мен журналдарды пайдаланады. Жалпы, бұл бағытты цифрландыру ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты 30% төмендетуге мүмкіндік берді», - дейді Дәурен Абаев.

Ақпарат және коммуникациялар министрі 2018 жылы білім беру саласын автоматтандырудың экономикалық тиімділігі 3 млрд теңгені құрағанын атап өтті.

«Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде электронды құжат беруге медициналық ұйымдардың 99,2% ауысты. Қазақстанның 16,3 млн тұрғынында өңірлік электрондық денсаулық паспорты бар. Дәрігердің қабылдауына бару, сағаттап кезек күту екі есе азайды. Ал анализдердің қорытындысын алу уақыты 2,5 есеге дейін төмендеді. 2019 жылы электрондық денсаулық сақтау паспорттарымен қамтамасыз етуді 100% жеткізу жоспарланып отыр», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, министр 2018 жылы денсаулық сақтауды цифрландырудың экономикалық тиімділігі 37,8 млрд теңгеге бағаланатынын айтты.

Айта кетейік, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында 2018 жылы агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру қалай жүргізілгенін баяндап, елімізде 65 миллион гектар жер цифрланғанын атап өтті.

Назерке АБИБУЛЛА

Өзгелердің жаңалығы